Бүгін Шымкент қаласында Қоғамдық кеңес пен ардагерлер кеңесінің мүшелері қатысқан қаланы аралау іс-шарасы өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – қала аумағындағы әлеуметтік, коммуналдық және өндірістік нысандардың жай-күйімен танысу, сондай-ақ қысқы маусымға дайындық деңгейін көзбен көру болды.
Іс-сапар Шымкент қаласы әкімдігі ғимаратынан басталды. Қатысушылар құрамында Шымкент қаласы әкімі аппаратының бас инспекторы Сапарбек Әділ, Қоғамдық кеңестің төрағасы Бұхарбай Парманов және 30-ға жуық ардагер қатысты. Алғашқы бағыт Қаратау ауданы болды. Делегация Нұрсұлтан Назарбаев даңғылында орналасқан Астана алаңы аумағындағы мұз айдынының жағдайымен танысты. Қала тұрғындарының қысқы демалысын тиімді ұйымдастыруға арналған нысанның қауіпсіздігі мен қолайлылығы назарға алынды.
Одан кейін делегация Абай ауданына жол тартып, Алматы тас жолы мен Атакент көшесінің қиылысында орналасқан «Абай» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қысқы маусымға дайындығымен танысты. Мекеме басшылығы 2025-2026 жылғы қысқа дайындық жұмыстары туралы кең көлемді ақпарат ұсынды.
Бүгінде «Абай» КММ-де 471 штат бірлігі бар. Қызметкерлер коммуналдық шаруашылық, санитарлық-тазалық, абаттандыру, ағаш қырқу, есеп-қисап, мобильді және әкімшілік бөлімдер бойынша жүйелі түрде жұмыс атқарады. Қысқы кезеңге дайындық аясында мекеме қызметкерлері толықтай қыстық арнайы киіммен қамтылған. Атап айтқанда, 365 дана қыстық киім, 365 жұп аяқ киім және 3 000 дана қыстық қолғап таратылған.
Қала аумағын қыс мезгілінде күтіп ұстау үшін қажетті инертті материалдар жеткілікті көлемде дайындалған. Қоймада 2 550 текше метр құм бар, қосымша құм жеткізілген. Сонымен қатар, 1 700 тонна тұз сақтаулы, келісімшарт аясында тағы 2 500 тонна тұз жеткізілген. Клинец материалы бойынша да жеткізу кестесі бекітіліп, жалпы көлемі 6 500 бірлікті құрайтыны белгілі болды.
Мекеменің техникалық әлеуеті де жылда артып келеді. Қазір қар тазалайтын және сыпыратын арнайы техникалар, мотопомпалар, күректер мен инертті материал салатын қаптар жеткілікті. Қажет жағдайда жалдамалы ассенизатор, вакуумдық машина, манипулятор және жүк көліктері тартылатын болады. Сонымен қатар, лизинг арқылы жалпы құны 5,3 млрд теңгеден асатын 137 жаңа техника алынып жатыр. Бүгінгі күні соның 82-сі жеткізіліп, қалғаны кезең-кезеңімен келмек.
Іссапар барысында делегация Қаратау ауданындағы «Тассай» индустриялық аймағында орналасқан өндірістік нысандарды да аралады. Алдымен мырышталған металл тіректерін өндірумен айналысатын Stroi Construction ЖШС-нің жұмысы таныстырылды. Заманауи технологиямен жабдықталған кәсіпорынның өндірістік қуаты мен жұмыс орындарын құрудағы рөлі ерекше атап өтілді.
Сондай-ақ, ірі трансформаторлар өндіретін Asia Trafo жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметімен танысу өтті. Кәсіпорын Шымкент қаласының индустриялық әлеуетін арттыруда маңызды орын алады. Компанияға 2014 жылы «Тассай» индустриялық аймағынан 22 гектар жер бөлінсе, 2018 жылы бірінші кезек жобасы үшін 12 гектар жер 10 жыл мерзімге берілген. Кейін пайдаланылмаған 10 гектар жер мемлекеттік меншікке қайтарылған. Ал 2023 жылы өңірлік үйлестіру кеңесінің шешімімен трансформатор өндірісінің екінші кезеңін жүзеге асыру үшін 7,1 гектар жер телімі қайта бөлінді.
Бұл өндіріс орындары мен коммуналдық мекемелердің жұмысы Шымкент қаласының тұрақты дамуы мен тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жүйелі шаралардың айқын көрінісі.
Қоғамдық кеңес пен ардагерлер кеңесінің мүшелері қаланы аралау барысында атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, қысқы маусымда тұрғындардың қауіпсіздігі мен қолайлылығын қамтамасыз ету бағытындағы шаралардың маңыздылығын атап өтті.