Шымкент қаласының Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтті. Бауыржан Әлтеев жетекшілік еткен жиында қала бюджетінің 2022 жылы кірістерінің орындалуы мен шығыстарының есебі, шаһардың әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері талқыға түсіп, Кеңеске бірқатар азаматтар мүшелікке қабылданды.
Шымкент қаласының қаржы басқармасының басшысы Руслан Бақтыбаев әлеуметтік-экономикалық даму, даму түсімдерінің орындалуы, қала бюджетінің игерілуі бойынша атқарылған жұмыстардан хабардар етті. Игерілмеген қаржылар бойынша жалпы 52 тәртіптік шара көрілген.
Қоғамдық кеңес мүшелері отбасы құндылығын насихаттау, жастар саясатын дамыту, бұқаралық спорттың дамуы, шаруа қожалықтарына субсидия беру, жеңілдіктер қарастыру бағытында сауалдарын қойып, ұсыныстарын жеткізді.
Сондай-ақ, кезекті отырыста Шымкент қаласы Қоғамдық кеңесінің жаңа мүшелеріне арнайы куәліктер мен төсбелгілер табыс етілді. Атап айтқанда, қоғам қайраткері Қанжігіт Сыздықов, Шымкент қаласының бас имамы Бақдәулет Әбдірахманов, қалалық жедел медициналық жәрдем көрсету станциясы МКК бас дәрігері Гүлнар Құрманбекова, қалалық клиникалық аурухананың дәрігер-хирургы Сәбит Байбосынов, заңгер Айжан Кесебаева кеңестің құрамына енді.
Қала мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов Қоғамдық кеңестің мәні күн санап артып келе жатқанын, күн тәртібіндегі мәселелердің маңызы зор екенін атап өтті. Жаңа мүшелердің алдағы жұмысына сәттілік тіледі.