Қоғамдық көлік қызметіне мониторинг жүргізілді

Қоғамдық көлік қызметіне мониторинг жүргізілді

Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының ұйымдастыруымен қоғамдық көлік қызметтеріне мониторинг жүргізілді.

Қалада жаңа шағынаудандардың қосылуына байланысты кешенді сызбаға сәйкес автобус бағыттарының саны артады. Қозғалысты оңтайландыру үшін жауапты басқарма бағыт қосу жұмыстарын ұйымдастыруды қолға алуда. Ал кейін қосылған 590 автобустың қозғалыс сызбасын халыққа тиімді ету мақсатында арнайы жұмыстар жүргізіліп жатыр.

– Жаңа бағыттарға қатысты тұрғындардың арыз‐шағымдары ескеріліп отыр. Мәселен, жуырда бағыттарға қатысты әлеуметтік желіде тұрғындар 150‐ші автобус жұмысына көңілі толмай, шағым түсірген болатын. Мәселенің мән‐жайын анықтап, жүргізушіге қатаң ескерту берілді. Өзге автобустардың бағыттарына диспетчерлік қызмет орталығы арқылы бақылау жүргізілуде, ‐ деді Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Наурыз Сүгіралиев.


Айта кетейік, үшінші мегаполисте 78 бағытта жолаушылар тасымалдайтын 800‐ге жуық автобус бар.