Қоғамдық көлік қызметінің электрондық базасы құрылады

Қоғамдық көлік қызметінің электрондық базасы құрылады

Шымкентте қоғамдық көлік қызметі бойынша электрондық база құру туралы шешім қабылданды, деп хабарлайды Shymkentaqparat

Жоба мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес жүзеге асырылып отыр.

Ақпараттық база мемлекеттік органдар мен тасымалдаушы компаниялар және қала тұрғындармен өзара әрекеттесетін электрондық жүйедегі элемент болып саналады.

Жобаның міндеттері:

- жобаның негізгі және бірінші кезектегі міндеті-жұмысқа орналастырудың ашық жүйесін құру және жүргізушілердің кәсіби дағдыларын жақсарту.

- қала тұрғындарының шағымдары мен ұсыныстарына жедел жауап қайтару.

- көлік компаниялары ұсынатын қызметтердің сапасын арттыру.

- ұсынылатын көлік бағыттарына сұранысты мониторингілеу, сондай-ақ қаланың шалғай аудандарына қажетті маршруттарды енгізу мүмкіндіктерін зерттеу.

Электрондық базаны Шымкент қаласының бірыңғай ақпараттық жүйесіне біріктіру көзделіп отыр. Жобаның жұмыс істеу реті бойынша бірқатар қосымшалар іске қосылады.

«ПІКІРЛЕР» қосымшасы арқылы Шымкент қаласының тұрғындары мен қонақтары қоғамдық көлік жүргізушілерінің қызметі, маршруттардың жұмысы туралы пікірлер мен тілектер, қызмет көрсету сапасын жақсарту бойынша ұсыныстар қалдыра алады.

«БІЗДЕ ЖҰМЫС ІСТЕУ» қосымшасы. Бұл қосымша әлеуетті үміткерлерге осы портал арқылы тікелей көлік компанияларына жұмысқа орналасуына мүмкіндік береді, осылайша жұмысқа орналасу процесінде ашықтық қамтамасыз етіледі.

Аталған жоба көлік компанияларының басшыларына электрондық база арқылы қоғамдық көлік жүргізушілерінің деректерін, оның ішінде жеке деректерін, жұмысын бағалауды, жұмыс тәжірибесін, өндіріп алулар мен айыппұлдарды қарауды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, жүргізушілердің жұмысы туралы пікір қалдыруға мүмкіндік береді. Осылайша, барлық ақпарат жұмыс берушілер үшін қолжетімді болады. Ол өз кезегінде жолаушыларды тасымалдау бойынша көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру процесіне тиімді болады.

Электронды порталдың басты басымдығы - қоғамдық диалог орнату, ашықтық, қала тұрғындарының қажеттілігіне қарай жедел жауап қайтару болып табылады.