Бүгін Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов тасымалдаушы қоғамдық көліктердің жолаушыларға қызмет көрсету сапасын бақылап, TOLEM жүйесін тексерді, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Шымкент қаласының қоғамдық көліктерінде 15-ші қазаннан бастап электронды TOLEM жүйесі енгізілді. Жаңа жүйе іске қосылғанда тұрғындар мен көлік қызметкерлері арасында жолақысы жөнінде бірқатар мәселелер туындады. Мәселен, жолаушылар валидаторлардың жиі істен шығатынын және кондукторлардың жолақысын қолма-қол ақшамен төлеуін талап ететінін айтып, шағымданды.
Мақсұт Пернебайұлының айтуынша, бүгіннен бастап қоғамдық көліктерде электронды төлем жүйесінде техникалық ақау болған жағдайда, жолаушылар жолақсын төлемеуге құқылы.
Одан бөлек, қала әкімінің орынбасары мегаполистің көп шоғырланатын орындары - «Гимнастика», «Hyper house» аялдамасы, Самал және Автонұр базарлары, Көмеш бұлақ (колос), «Mega Planet» пен «Облыстық әскери комиссарият» аялдамаларын аралап, жолаушылардың қоғамдық көлікке қатысты бірқатар пікірлері мен ұсыныстарын тыңдады.
Айта кетейік, жолаушылар жолақысын SMS арқылы да төлеуіне болады. Ол үшін қоғамдық көлік ішінде көрсетілген арнайы кодты 2222 нөміріне SMS ретінде жолдайды. Жолақысы абоненттік бірліктен (единица) алынатын болады.