ҚОҒАМДЫҚ ТӘРТІПТІ САҚТАУ – БАРШАҒА ОРТАҚ МІНДЕТ

ҚОҒАМДЫҚ ТӘРТІПТІ САҚТАУ – БАРШАҒА ОРТАҚ МІНДЕТ

Жаңа жылдық мерекеде қоғамдық қауіпсіздікті сақтау және пиротехникалық бұйымдарды пайдалану жөніндегі іс-шараларды өткізу бойынша баспасөз брифингі өтті. Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Аманбек Бейсембаев, Шымкент қаласы ПД Әкімшілік полиция басқармасының басшысы, полиция полковнигі Ерғали Сүлейменов осы бағыттағы жұмыстарды баяндады.

Төтенше жағдайлар департаменті жаңа жылды мерекелеу қарсаңында жазатайым оқиғалардың алдын алуға бағытталған іс-шараларды тұрақты атқарып келеді.

– Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қалалық кәсіпкерлер палатасында 17 сауда үйі, 12 базар өкілдерінің қатысуымен профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылды. Қала кәсіпкерлеріне, жеке және заңды тұлғаларға жаңа жылдық мерекелер қарсаңында пиротехникалық заттар мен бұйымдардың белгіленген талаптарын сақтау, бақылау жөнінде жан-жақты ескертілді. Ал қала тұрғындарының қауіпсіздік мәдениетінің деңгейін арттыру, оқыс оқиғалардың алдын алу үшін 15 мыңнан астам адамға ақпараттық-түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, білім беру мекемелерінде 1600-ден астам оқушының қатысуымен 13 интерактивті сабақ өткізілді. Жалпы қалада қауіпсіздікті қамтамасыз ету іс-шаралары күшейтілген, – деді Аманбек Бейсембаев.

Е.Сүлейменов қалалық Полиция департаменті тарапынан бұл бағытта «Пиротехника» жедел алдын алу іс-шарасы ұйымдастырылғанын атап өтті. Оның барысында қаланың сауда үйлерінде, ірі және шағын базарларда 42 бірлескен рейд жүргізілген.

Қоғамдық тәртіпті сақтау – баршаға ортақ міндет. Спикерлер қала тұрғындарына жаңа жыл мерекесінде қоғамдық тәртіпті сақтауға шақырды.