​«Қолөнер – ұлттың рухани қазынасы»

​«Қолөнер – ұлттың рухани қазынасы»

Шымкент қаласындағы Көрме орталығында «Қолөнер – ұлттың рухани қазынасы» тақырыбында қолөнер шеберлерінің көрмесі өтті. Ұлттық өнерді ұлықтауды мақсат еткен бұл іс-шараға негізінен шаһардағы қолөнерші әжелер қатысып, олар өз қолдарынан шыққан бұйымдарын келушілердің назарына ұсынды.

– Халықтық өнерді насихаттау, рухани құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтап, кейінгі буынға аманаттау баршамыздың ортақ міндетіміз. Сондықтан, қолөнер шеберлерін жинап, көпшілікті ұлттық өнермен таныстыруды дәстүрге айналдырып келеміз, – дейді Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Мөлдір Оңдасынова.

Көрмеде қазақтың ұлттық ою-өрнегімен безендірілген сырмағын, құрақ көрпелерін және әшекей бұйымдарын келушілер қызыға тамашалады. Іс-шара барысында қолөнер шеберлері қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың Алғыс хатымен марапатталды.

Көрмеге қатысқан шеберлердің бірі – Шаркүл Кенжебекқызы. Ол бұрын кадр бөлімінде қызмет атқарған.

– Жұмыс істеп жүрген кезімде балаларыма киім тігетінмін. Зейнетке шыққаннан кейін осы іске түбегейлі бет бұрдым. Қазір құрақ құраумен айналысудамын. Құрақ құрау адам денсаулығына өте пайдалы екен. Әсіресе, мидың жұмысын жақсарта түседі, – дейді ол.

Пернекүл Ерназарова да бала күнінен тігін өнеріне жақын болып өсіпті. Қырық жыл медбике болып жұмыс істеген ол зейнет демалысына шыққан кейін сүйікті ісін кәсібіне айналдырған. Бүгінде Пернекүл апа құрақ құраумен қатар, тоқыма өнерінің де өркендеуіне өз үлесін қосып жүр.

Ал, Алуа Заманова әшекей бұйымдар жасаумен және тақия тігумен айналысады. Оның негізгі мамандығы – хореограф.

– Карантин кезінде алдымен құрақ құрауды үйрендім. Кейіннен тақия тіге бастадым. Денсаулығыма байланысты үйде отырған кезімде әшекей бұйымдар жасауды меңгердім. Осы қызығушылығым уақыт өте келе өнерге ұласып, отбасылық кәсібімізге айналды, – дейді шебер.

Көрмеде келушілерге концерттік бағдарлама ұсынылып, ұлттық ән-күй әуеледі. Мұндай іс-шаралардың ұлттық қолөнеріміздің дамуына серпін беріп, оның кеңінен дәріптелуіне үлкен үлес қосары сөзсіз.

Дилара БИМЕНОВА, “Шымкент келбеті”