КОММУНАЛДЫҚ ҚЫЗМЕТ ТАРИФТЕРІ ӨСПЕЙДІ

КОММУНАЛДЫҚ ҚЫЗМЕТ ТАРИФТЕРІ ӨСПЕЙДІ

Шымкент қаласы табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы Дархан Қайыңбердиев коммуналдық қызметтерге бағаны тұрақтандыру жөніндегі іс-шаралар және атқарылған жұмыстарды қорытындылады. Департамент басшысы баспасөз брифингінде коммуналдық қызмет тарифі, инвест бағдарламалардың орындалуы, жоспардан тыс тексеру жұмыстарының барысынан хабардар етті.

Д.Қайыңбердиевтің айтуынша, Шымкент қаласында коммуналдық қызмет тарифтерінің деңгейі тұрақты. Қазіргі таңда 5 ірі табиғи монополия субьектісінің («Су құбыры және канализация» МКК, «Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС, «3-Энергоорталық» АҚ, «Қуатжылуорталық-3» МКК, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ ШӨФ) заң талабына сәйкес, 5 жылдық тарифтері бекітілген. Табиғи монополия субьектілерінің 2021 жылғы тарифтік сметасы мен инвестициялық бағдарламалардың орындалуы туралы есептеріне талдау жасалған.

– Президенттің тапсырмасына сәйкес, 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап коммуналдық қызмет тарифтерінде тұрғындар үшін өсу болған жоқ. Керісінше төмендету бойынша бірқатар жұмыстар атқарылды. Мәселен, газдың бағасы 32,64 теңгеге дейін (5,3 пайыз), жылудың бағасы 108 теңгеге дейін ( 24 пайыз), су және кәріздің тарифі 135,5 теңгеге дейін төмендетілді. 2022 жылы департамен тарапынан 18 жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Оның ішінде 9 тексеру бойынша бірқатар құқық бұзушылықтар анықталды, – деді департамент басшысы.

Айта кетсек, тариф белгілеудің ашықтығын қамтамасыз ету үшін 15 жария тыңдау, 7 өңірлік комиссия отырысы ұйымдастырылды. Сонымен қатар, 5 негізгі ірі табиғи монополия субьектісі қазіргі уақытта инвест бағдарламаларын өз деңгейінде орындауда.