КОНСТИТУЦИЯ – ТӘУЕЛСІЗДІК ТІРЕГІ

КОНСТИТУЦИЯ – ТӘУЕЛСІЗДІК ТІРЕГІ

Бүгін Шымкентте Салауатты өмір салтын қалыптастыру мамандары ассоциациясының ұйымдастыруымен Конституция күніне арналған мерекелік іс-шара өтті. «КОНСТИТУЦИЯ – ТӘУЕЛСІЗДІК ТІРЕГІ» атты жиынға отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі өңірлік комиссия өкілдері, облыстық және қалалық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының жауапты мамандары қатысты. Жиында Ата Заңға енгізілген өзгерістер, сондай-ақ гендерлік саясат төңірегінде жасалып жатқан бірқатар игі істер жөнінде айтылды. Шара барысында сөз алған Іскер әйелдер ассоциациясының өкілі Ақжан Зебурқызы жиналғандарды мерекемен құттықтап, бұл күннің маңыздылығын атап өтті.

– Егемен еліміздегі әрбір азаматтың игілігін көздейтін Ата заңымызға биыл 28 жыл толып отыр. Мемлекетіміздің басты саяси құқықтық құжаты Конституция күні баршамызға құтты болсын. Осы уақытқа дейін 30-дан астам заң бабы толықтырылды. Бұл құжатта әйел, ана, отбасы құқығы биік тұрады. Елімізде азаматтық қоғамның дамуына, демократиялық үрдістердің салтанат құруына ықпал ететін Ата заң халықтың қорғаны деп білемін, – деді А. Зебурқызы.

Салтанатты жиын соңы мерекелік концертке ұласып, №34 мектептің шәкірттері өз өнерлерін паш етті. Оқушылар Отанымыз жайында патриоттық ән шырқап, күй орындады. Жиын соңы «Конституция – мәңгілік елдің тұғыры» атты ашық кітап көрмесіне ұласты.