Бүгінде Әл-Фараби ауданының Қошқар ата өзені маңында «реновация» үрдісі жүріп жатыр, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Бұл туралы Әл-Фараби ауданының әкімі Рашид Мыңбаев өзінің Facebook парақшасында жазды.
«Реновация деген не?
Реновация – ескі, тозығы жеткен, өмір сүруге қауіпті үйлерді бұзып, орнына заманауи жаңа тұрғын үй салу процесі.
Дәл осынлдай процес қазір Әл-Фараби ауданының Қошқар ата өзені маңында жүріп жатыр. «SDN Construction» компаниясы аумақтағы 113 тозығы жеткен, сапасы сын көтермейтін жеке меншіктегі үйлерді өз қаржысына сатып алып, 4 га жерге заманауи үлгідегі тұрғын үй кешенінің құрылысын бастады. Мұнда «Medina» және «SDN Village» тұрғын үйлері бой көтермек.
Әл-Фараби ауданы басшылығымен, қалалық Орта сапасы және бақылау басқармасы, Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы, Саулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы қызметкерлерімен бірігіп, құрылыс барысында туындаған өзекті мәселелердің шешу жолдарын қарастырдық.
- Қазір тұрғындарымен ескі үйлерді сатып алу бойынша келіссөз жұмыстары жүргізілуде. 1 кезеңде- 36 тозығы жеткен үй, 2 кезеңде- 50 үй сатып алынды. Ал 27 үйдің тұрғындарымен келіссөздер жалғасуда. Жобаны толық іске асырғаннан кейін мұнда бірнеше көпқабатты үйлер бой көтеріп, 250-ден астам пәтер пайдалануға берілетін болады. Жаңа тұрғын үй кешені толығымен абаттандырылады және көгалдандырылады. Жоба Шымкент қаласының архитектурасына жаңа серпін алып келеді деп сенеміз,-деді Рашид Мамытұлы.
Айта кетейік, аталған құрылыс компаниясына Ә.Жылқышиев көшесінде орналасқан тозығы жеткен 2 қабатты үйді де реновация жасау ұсынылды.