Шымкент тұрғыны Еркінай Көшкенбаева - 5 баланың анасы. Оның екеуі мүмкіндігі шектеулі азамат. Еркінайдың өмірлік жолдасы жазатайым оқиғадан соң жұмысқа жарамсыз болып қалған. Денсаулығы жоқ баланың күтімі мен жұмыссыздық еңсесін түсірген көпбалалы ана «Шаңырақ» орталығына келіп, психологиялық кеңес алып тұрды. Нәтижесінде күйзелістен шығып, айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізуде.
Еркінай «Шаңырақ» орталығында өз кәсібін ашып, оны дамыту бойынша мамандардан кеңес алды. Үйде отырған көпбалалы ана өз кәсібін жүргізіп, құрақ көрпе тігіп, кесте салып, өз туындыларын сата бастаған.
Қолөнер шебері күні кеше өткен «КөрпеFEST-2021 – «Ата кәсібі - бала нәсібі» атты республикалық жобаға қатысып, жүлделі орындардың бірін иеленді. Енді ол Нұр-сұлтан қаласында өзінің туындыларын көрсететін болады.
Еркінайдың жолдасы да жұмысқа орналасқан. Денсаулығында ерекшелігі бар балалары «Шаңырақ» орталығындағы «сазбалшық терапиясы» үйірмесіне қатысып жүр.
Қиындықты еңсере білген Еркінай болашақта өзін әлі де жетілдіріп, кәсібін дамытып, балаларының бар жағдайын жасауды алдына мақсат етіп қойған.