Шымкент қаласында газдандыру жоспары кестеге сай жүріп жатыр. Көгілдір отынның игілігін көрген тұрғындардың қатары жылдан жылға артып келеді. Солардың қатарындағы асарлықтар қуанышқа кенеліп отыр.
Нақтырақ айтқанда, Қаратау ауданына қарасты Асар-2 тұрғын алабына табиғи газ берілді. Тұрғын алапта ұзындығы 24 шақырымдық газ құбырының құрылысы аяқталып, тұрғындардың көптен күткені орындалып жатыр.
Нәтижесінде 1 046 абонент табиғи газ желісіне қосылуға мүмкіндік алды. Жергілікті халық енді «ҚазТрансГазАймақ» акционерлік қоғамымен техникалық шарт жасасуға өтініш білдіріп, газ желісін пайдалана алады.
Жалпы, Қаратау ауданының аумағы – 19 500 гектар құрайды, халық саны 190 мыңнан асады. Аудан аумағында 18 елді мекен, жалпы көшелер саны – 595, демалыс орындарының саны – 7. Аудандағы елді мекендерді табиғи газбен қамту көрсеткіші 90 пайызды құрайды.
Аудан әкімі Р. Мүлкеманов өз сөзінде 2025 жылға дейін Қаратау ауданын табиғи газбен қамту көрсеткішін 100 пайызға жеткізу жоспарланғанын айтқан болатын.