​ҚР Ішкі істер министрлігі «102» мобильді қосымшасын іске қосты​

​ҚР Ішкі істер министрлігі «102» мобильді қосымшасын іске қосты​

Бұл туралы ведомство басшысы Ерлан Тұрғымбаев алғаш өзінің Facebook парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды Shymkentaqparat

Қосымшаны смартфондарға Android және IOS жүйесіндегі Play Market пен App Store-дан жүктеуге болады.

«Министрлік алдында тұрған міндеттердің бірі – заманауи технологиялық, азаматтардың сеніміне ие ішкі істер органдары жүйесін құру. Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында біз ресми түрде халыққа ыңғайлы жаңа сервис – «102» мобильді қосымшасын іске қостық, - деп жазды Ерлан Заманбекұлы.

Сонымен бірге, министр мобильді қосымшаны пайдаланудың артықшылықтары туралы айтты. Бұл – оқиғалар туралы қысқа хабарламалар мен фото, видеолар жіберу мүмкіндігі және оқиға орнынан тікелей бейнеқоңырау шалуға болады, бұл ЖБО операторына не болып жатқанын көруге және дереу тиісті шаралар қабылдауға мүмкіндік береді.

«Қосымша арқылы сыбайлас жемқорлық, полиция қызметкері тарапынан жасалған бопсалау фактісіне тап болған жағдайда, ІІМ-нің Өзіндік қауіпсіздік қызметіне де жүгінуге болады. Қосымшаның көмегімен және бірлескен күш-жігеріміздің арқасында полицияның жедел әрекет етуі, қылмыстарды ашудағы тиімділік артады және көптеген құқық бұзушылықтардың алдын алуға болады деп күтеміз», - дейді Ішкі істер министрі.

Айта кетейік, Жедел басқару орталықтарында мыңға жуық оператор жұмыс істейді. Жақын арада аталған қосымшаның қазақ тіліндегі нұсқасы іске қосылады.