​КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУДА «ДАМУ» ҚОРЫНЫҢ ҚОЛДАУЫ КӨП

​КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУДА «ДАМУ» ҚОРЫНЫҢ ҚОЛДАУЫ КӨП

Елімізде шағын және орта бизнес – экономиканың негізгі драйверлерінің бірі. Бұл сектордың тұрақты дамуы үшін мемлекет тарапынан кешенді қолдау шаралары іске асырылуда. Соның ішінде, кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған басты қаржы институттарының бірі – «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры.

Биыл қордың құрылғанына 28 жыл толып отыр. 1997 жылы Үкіметтің қаулысымен құрылған «Даму» бүгінде «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің құрамында жұмыс істейді. Қордың басты миссиясы – 2033 жылға дейін макро, шағын және орта кәсіпкерлікті кешенді қолдау құралдарын жүзеге асыру арқылы ел экономикасын нығайту.

Биыл мемлекет кәсіпкерлерді қолдау үшін маңызды қадам жасады. Президенттің тапсырмасы мен Үкіметтің 2 сәуірде қабылдаған қаулысына сәйкес, кәсіпкер алдында тұрған ең үлкен қиындықтардың бірі – банктен несие алу кезінде кепілзаттың жеткіліксіздігі екені анықталды. Көптеген кәсіпкерлер несие алғысы келгенімен, банктер талап ететін мүлікті немесе кепілді ұсына алмайды.

Осы мәселені жеңілдету үшін «Даму» қоры жаңа шешім ұсынып, екі түрлі кепілдік құралы енгізілген. Бұл құралдардың көмегімен кәсіпкерлер банктен несие алу кезінде жетіспейтін кепілдіктің орнын мемлекет толтырады. Нәтижесінде бизнес иелері жобаларын жүзеге асыру үшін қаржыға қол жеткізе алады. Бұл жөнінде «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Шымкент қаласы бойынша аймақтық филиалының директоры Тілемісов Әсет Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында айтты.

-Бірінші кепілдік қоры – құны 7 миллиард теңгеге дейінгі жобаларға арналған. Бұл қор шеңберінде шағын, орта және ірі бизнес субъектілері қатыса алады. Ал шарттары төмендегідей екен:

Кепілдік берілетін жоба аясында қаржыландыру сомасы 7 млрд теңгеден аспайды;

Кепілдіктің ең жоғары мөлшері — қаржыландыру сомасының 85%-ына дейін, бірақ 3,5 млрд теңгеден аспауы тиіс;

Кепілдік мерзімі – 5 айға ұзартылған қаржыландыру мерзімі.

Қаржыландыру мақсаттары: айналым қаражатын толықтыру, инвестиция және қолданыстағы несиені қайта қаржыландыру.

Қолдау көрсетілетін басым салалар: басым және басым емес салалар.

Екінші кепілдік қоры ірі инвестициялық жобалар үшін қарастырылған. Жеке кәсіпкерлік субъектілері осы қолдауға қатыса алады. Негізгі шарттары қаржыландыру сомасы 7 миллиард теңгеден жоғары, кепілдік мөлшері жоба құнының 30 пайызына дейін, мерзімі 15 жылға дейін болса, қаржыландыру мақсаты айналым қаражатына жоба құнының 40 пайызына дейін инвестиция және қайта қаржыландыру. Ал қолдау ала алатын салалар, өңдеуші және тау-кен өнеркәсібі (қайта өңдеу шартымен), агроөнеркәсіп кешені, энергетика, көлік, байланыс, туризм, білім және денсаулық сақтау салаларындағы инфрақұрылым жобалары, - дейді Әсет Сағадатұлы.

Сонымен қатар, «Даму» қоры Ұлттық экономика министрлігі және «Бәйтерек» холдингінің қолдауымен «Өрлеу» бағдарламасын іске қосты. Бұл бағдарлама экономиканың басым секторларында кәсіпкерлікті жеңілдетілген несиелер арқылы қолдауға бағытталған екен. Ол жобада инвестицияға несие – 7 млрд теңгеге дейін, айналым қаражатына – 3,5 млрд теңгеге дейін, сыйақы мөлшерлемесі 12,6 пайыздан аспайды, қаржыландыру мерзімі инвестицияға 10 жылға дейін, айналым қаражатына 3 жылға дейін. Бағдарлама бойынша Freedom Bank, ЦентрКредит, Forte Bank, Halyk Bank, Нурбанк қатысады.

Жаңа қаржы құралдарының тиімділігі туралы сұрақ туындауы заңды.

-Кепілзат тапшылығын шешеді, несие алуға қолжетімділік артады. Ірі жобаларды қамтиды. Бұрын қолдау таппаған бағыттарға мүмкіндік береді. Өңірде нақты нәтижелер бар. Алда жүздеген кәсіпкер мемлекеттік көмекке ие болады деп күтудеміз, - дейді филиал директоры.

Әрине, қаржыландыру банктер арқылы жүргізілетіндіктен, банктердің қосымша талаптары да ескерілу керек. Сондай-ақ, кепілдік пайыздық мөлшерлемені төмендетпейді, тек несиені алуға мүмкіндік береді. Жаңадан бастаған кәсіпкерлерге бұл құралдар толыққанды шешім емес, олар көбіне жұмыс істеп тұрған бизнеске бағытталғаны тағы бар.

Дегенмен жаңа құралдардың тиімділігін кәсіпкерлердің қаржыландыруға қол жеткізіп, жаңа жобалардың іске асуымен, алдағы жылдардағы бизнес өсімі мен жаңа өндірістердің пайда болуымен бағалай жатармыз. Басшының айтуы бойынша, жаңа бағдарламамен қалада әзірге бір кәсіпкер қолдау алған. Дегенмен бағдарлама бойынша қолдау алғысы келетіндер саны көп екен.

Ал, өз кезегінде «Даму» қоры кәсіпкерлерге делдалсыз, ашық және қолжетімді қолдау көрсетуін жалғастыруда. Толық ақпарат алу үшін кәсіпкерлер қордың аймақтық филиалына хабарласып, кеңес ала алады.

Айта кетейік, 2025 жылдың басынан бері «Даму» қорының Шымкент қалалық филиалы 231 кәсіпкерлік жобасын қолдаған. Қолдау көлемі – 32,2 млрд теңге. Оның ішінде, субсидиялау бағыты бойынша – 154 жоба, сомасы 26,7 млрд теңге; кепілдік беру бағыты бойынша – 77 жоба, сомасы 5,5 млрд теңге.

«Даму» қоры - кәсіпкерлер үшін сенімді серіктес. Жаңа қаржыландыру құралдары мен жеңілдетілген шарттар өңірде кәсіпкерліктің дамуына жаңа серпін береді деп сенеміз.

«Шымкент келбеті»