Бүгін Шымкент қаласында кәсіпкерлікті дамыту және қолдау жөніндегі мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы мен ондағы өзгерістер барысы талқыланды, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Мәжіліске қала әкімі Мұрат Әйтенов төрағалық етті. Жиынға үшінші мегаполис кәсіпкерлері мен екінші деңгейлі банк басшылары да қатысты.
Күн тәртібіне сәйкес қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысы Береке Дүйсебеков баяндама жасады.
Басқарма басшысының айтуынша, жаңа шарттар - кәсіпкерлер үшін несие мөлшерлемесін 6%-ға дейін төмендетуге, субсидиялауға жататын несие көлемін 7 млрд. теңгеге дейін арттыруға мүмкіндік берген.
Шымкент қаласының әкімі атқарылған жұмыстарға баға беріп, кәсіпкерлердің негізгі мәселелерін тыңдады.
- Қала бюджетінің кіріс бөлігін ұлғайтудың негізгі жолы – жаппай кәсіпкерлікті дамыту. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашуды, салық түсімдерін ұлғайтуды және қоғамдық, саяси ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, алдағы 5 жылдықта Шымкент қаласында шағын және орта кәсіпкерліктің жалпы ішкі өңірлік өнімдегі үлесін 50%-ға жеткізуіміз керек. Сол себепті, кәсіпкерліктің кез келген өзекті проблемалық мәселелерін шешу және оның алдын алу тікелей өзімнің бақылауымда болады. Барлық дамыған мемлекеттер сияқты шағын және орта бизнесті қала экономикасының локомотивіне айналдыруымыз қажет, - деп сөзін түйіндеді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Кездесу соңында Мұрат Әйтенов мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда белсенділік танытқан бірқатарбанк басшылары мен «Даму»кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Шымкент қаласы филиалының төрағасын марапаттады.
Айта кетейік, былтыр «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында қалада 530 жобаға қолдау көрсетілді. Ол көрсеткіш 2019 жылмен салыстырғанда 2 есеге өскен. Өсу қарқынын одан әрмен дамыту үшін «Бизнестің жол картасы – 2025» кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасының шарттарына өзгерістер енгізілген.