Құстардың әңгімесі – адамдардың айнасы

Құстардың әңгімесі – адамдардың айнасы

Шымкент қалалық өзбек драма театрында Дулат Исабековтің «Құстар фестивалі» атты қойылымы көрермен назарына ұсынылды. Қойылым жасөспірімдерге арналғанымен, оның астарлы ойы әрбір адамды терең толғандырады.

Адам баласы ғасырлар бойы байлыққа ұмтылып, өтірік пен екіжүзділікке ерік берген. Заман өзгергенімен, пенде пиғылы өзгермеген. Әлсізге әлімжеттік, күштіні мақтау – қоғамда әлі күнге дейін үзілмеген құбылыс. Осындай ащы шындықты режиссер Жавлон Сайитов сахнаға құстар бейнесі арқылы әкелді.

Бүркіт пен тоты, сауысқан мен тауыс, әтеш пен қарғалар – барлығы да адам бойындағы әртүрлі мінез бен қылықтың символы. Қоғамдағы әділетсіздік пен теңсіздік, білімді мен білімсіздің, әлсіз бен мықтының арасындағы тартыс құстардың қарым-қатынасында анық көрінеді.

Қойылымның басты мақсаты – көрерменді байлыққа бас ұрмай, өтірік пен екіжүзділіктен арылуға, керісінше жомарттық пен адамгершілікке тәрбиелеу. Бұл тұрғыда спектакль бүгінгі қоғам үшін де өзекті. Өйткені құстардың дауы мен қылығы арқылы біз өзімізді көреміз.

Сахнадағы әр образ – нақты кейіпкер ғана емес, тұтас қоғамның бейнесі. Бүркіттің айбаты, тотының әсемдігі, сауысқанның әжуасы, қарғаның қарқылы – бәрі де адам бойындағы мінез-құлықтың көрінісі іспеттес.

Әсіресе, жас көрермен үшін бұл қойылым үлкен сабақ болды. Қоғамдағы теңсіздік пен әділетсіздікті көріп өскен жас ұрпақ құстардың бейнесінен ой түйіп, жақсылыққа ұмтылуы тиіс.

Дулат Исабековтің «Құстар фестивалі» – уақыт сынынан өткен шығарма. Оның айтар ойы әлі күнге дейін ескірмей, керісінше жаңа мәнге ие болуда. Өйткені әділетсіздік пен әлімжеттік жойылмаған жерде бұл қойылымның да айтары бар.

«Шымкент келбеті»