Бүгін 31 мамыр - Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай арнайы жиын өтті, деп хабарлайды Shymkentaqparat тілшісі
Жиынға Шымкент қаласының Ішкі саясат басқармасының басшысы Мәди Манатбекұлы, тарихшылар, саясаткерлер мен заңгерлер қатысты.
- Ақтау жұмыстары не үшін керек? Мысалы ашашылық тақырыбын алатын болсақ, Кеңес үкіметі кезінде Украинада аштықтан ең көп халық қырылып кеткен. Содан кейін украиндық тарихшылар сол тақырыпты тереңінен зерттеді. Қазірде Украинада аштықтан қаза тапқан адамдардың аты-жөні құжатында қай күні қай жерде, қандай себеппен өлгені барлығы жазылған. Ал бізде ондай деректер жоқ. Сол сияқты қуғын-сүргін құрбандарына келетін болсақ, құжаттар бізде бар, бірақ нақтыланбаған. Дәл қазір бізде Түркістан облысы мен Шымкент қаласының архивтері арласып жатыр. Облыстың керек құжаттары қалада, қаланыкі облыста дегендей. Мен ғалымдар мен тарихшылармен кеңесіп, Түркістан облысының архивне хатпен шығуға әзірмін. Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын ақтау кезінде Түркістан облысы мен Шымкент қаласының коммессия мүшелер бірлесе жұмыс істесе, нәтижелі болар еді, - деді қалалық Ішкі саясат басқармасының басшысы Мәди Манатбекұлы.
Конференция барысынша баяндамашылар 1926 жылдан бастап қуғынға ұшыраған, ашашылықтан ажал құшқан құрбандар туралы тың деректер айтып, оларды ақтау барысында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
- Өткен жылы президент Қасым Жомар Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын ақтау туралы комиссия құрылды. Комиссияның Шымкенттегі өкілдері бірқатар жұмыстар атқаруда. Олар Түркістан облысы мен Шымкент қаладағы архивтердегі құжаттарды зерттеп жатыр. Онда қазір 538 іс қаралуда. Оның ішінде «Созақ көтерілісіне» қатысқандар, қуғынға ұшырағандар, тағы басқа да босқындар бар. Біз өз өңірімізде қуғынға ұшырағандарды тарихи тұрғысынан да, заңды түрде де толық ақтауымыз керек, - деді М.Әуезов атындағы ОҚУ профессоры, Тарих ғылымдарының докторы Сейдехан Әлібек.
Шымкент қаласында құрылған комиссия құрамында 27 тарихшы бар. Олар 1921 – 1954 жылдар аралығындағы тарихи оқиғаларды зерттеп жүрген арнайы мамандар. Зерттеу жұмыстарын жүргізуге жергілікті бюжеттен 19 миллион теңге қаржы қаралған. Оған зерттеу барысында тарихшылардың Иранға, Өзбекстанға, Орталық Азияға барып-қайту шығындары және қаламақылары кіреді.
Еске сала кетейік, бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай қазақстандықтарға үндеу жасады.