Курсанттар оқ ату жаттығуларын орындады

Курсанттар оқ ату жаттығуларын орындады

Шымкент қаласының Қорғаныс Министрлігі Әскери-техникалық мектебінің курсанттары «Дарбаза» полигонында АК-74 қаруынан оқ ату тапсырмаларын орындады, деп хабарлайды Shymkentaqparat

Бақылау атыс жаттығуларына кіріспес бұрын мектеп тәрбиеленушілері АК-74 қаруын шашып жинауды және тазалауды үйреніп, қару-жарақ, оқ-дәрілермен жұмыс істеу ережелері мен қауіпсіздік шаралары бойынша сынақтар тапсырған.

Әскерилердің айтуынша, атыс жаттығулары –теориялық білімді бекітуге, қажетті дағдылар мен ату әдістерін дамытуға, төтенше жағдайларға психологиялық тұрақтылықты шыңдауға көмектеседі.

«Біз үшін практикалық атыс – бұл теориялық бөліктің дамуын тексеру. Мамандардың басшылығымен өтетін дайындық бізге қойылған міндеттерді сауатты және нақты орындауға көмектеседі», - деді курсант Ерсұлтан Тоқсанбай.

Айта кетейік, Қорғаныс министрлігінің әскери-техникалық мектебінде ақылы негізде 24-тен 27 жасқа дейінгі, денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамды немесе шектеулі жарамды, оның ішінде әскери қызметке шақырудан кейінге қалдырылған жастар білім алады.

Қырық күн бойы олар әскери дайындықтың негізгі пәндерін оқып, емтихан тапсырады және әскери ант қабылдайды.