Қуыршақ театры кішкентай көрермендерді қайсарлыққа шақырды

Қуыршақ театры кішкентай көрермендерді қайсарлыққа шақырды

Бүгін Шымкент қалалық қуыршақ театрында Б.Вегенастың ертегісінің желісімен сахналанған «Қасқыр болғым келеді» атты жаңа қойылымның премьерасы қазақ және орыс тілінде өтті. Театр ұжымы жыл басынан бері 200-ден астам қойылым сахналап үлгерген. Соның ішінде «Қасқыр болғым келеді» атты жаңа спектакль де балаларға арналған ерекше тәрбиелік мәні бар туынды.

Театр директоры Сардарбек Молдабековтің айтуынша, бұл биылғы үшінші жаңа қойылым. Жалпы алты жаңа премьера көрерменге жол тартқан. Соның үшеуі қазақ тілінде, үшеуі орыс тілінде сахналанған.

«Қасқыр болғым келеді» қойылымының негізгі мақсаты балаларды өжеттілікке, адалдыққа, мейірімділік пен ержүректікке тәрбиелеуге негізделген. Қойылымдағы басты кейіпкер қасқыр арқылы балаларға адамгершілік пен әділдік ұғымын жеткізу көзделген. «Біздің болашағымыз осы кішкентай бүлдіршіндер. Сол себепті олардың бойына батылдық пен мейірімділік дарыту - басты міндетіміз», - дейді театр басшысы.

Айта кету керек, бұл спектакль халықаралық деңгейдегі шығармашылық топтың қатысуымен дайындалған.

Қойылымның режиссері Алматы қаласынан арнайы шақырылған тәжірибелі маман, халықаралық өнер байқауларының жүлдегері екен. Спектакль бір жылдан астам уақыт бойы дайындалып, бүгін алғаш рет көрермен назарына ұсынылыпты.

Театр директорының айтуынша, ұжымда қазақ және орыс труппалары жұмыс істейді. Әр труппа құрамында жеті әртістен бар. Алдағы уақытта актерлік құрамды ұлғайту жоспарда тұр. Бұл бағытта Шымкент қалалық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына арнайы ұсыныс берілген. Сонымен қатар, театрдың өз қолөнер цехы бар. Мұнда әр қойылымға арналған жаңа қуыршақтар арнайы тапсырыспен жасалады. Бұл да күрделі әрі жауапты шығармашылық үдеріс. Мәселен, бүгінгі қойылым кейіпкерлері де бір жыл көлемінде жасалған.

«Әр қойылымға жеке қуыршақтар дайындалады. Олардың жасалуына айтарлықтай уақыт пен шеберлік қажет. Бүгін сахналанған спектакльдің қуыршақтары да бір жыл бойы жасалып, әртістер олармен жұмыс істеуді арнайы үйренді. Сол еңбектің нәтижесі бүгін көрермен алдында өз жемісін берді», - дейді театр директоры.

Қазір театрдың көрермен залы 200 орынға арналған. Жоғарғы қабатта 100, төменгі қабатта 100 орын бар. Ал көрермендердің басым бөлігі 2 жастан 12 жасқа дейінгі бүлдіршіндер, балабақша тәрбиеленушілері және бастауыш сынып оқушылары. Бүгінгі орыс тілінде сахналанған премьераға жүзге жуық бала қатысса, қазақ тіліндегі ертегіге келген көрермен қатары одан да асып кеткен. Көрермендердің көптігіне байланысты түстен кейін және ертеңгі күндері де қосымша сеанстар ұйымдастырылмақ. Қойылым үш күн қатарынан, таңертең және түсте екі сеанспен көрсетіледі екен.

«Қазір көрермендердің келуі өте жоғары деңгейде. Сахнамыз бен залымыз сәл тарлық етіп жатқанымен, бұл біздің қуанышымыз. Себебі балалардың театрға деген қызығушылығы артып келеді. Болашақта залды кеңейту жоспарда бар», дейді театр басшысы.

«Қасқыр болғым келеді» қойылымының тұсаукесері қуыршақ театры ұжымының шығармашылық еңбегінің, балаларға арналған рухани тәрбиенің айғағы іспетті. Спектакль де балалардың қиялы мен ой-өрісін байытып, олардың жүрегінде ізгілік пен батылдық ұғымдарын қалыптастыруға бағытталған. Қойылым соңында кішкентай көрермендердің көзіндегі қуаныш пен кейіпкерлерге деген сүйіспеншілік, балалар әлемінің тазалығы мен сенімін айқын аңғартты.

Жадыра МҮСІЛІМ, «Шымкент келбеті»