КВИ жұқтырған жүкті әйел жазылып шықты

КВИ жұқтырған жүкті әйел жазылып шықты

Жүктілік кезіндеCOVID-19 инфекциясына шалдығып, өкпесінің 90%-ы зақымдалып ауруханаға түскен әйел қауіпті инфекцияны жеңіп шықты, деп хабарлайды Shymkentaqparat

Науқасты емдеу үшін дәрігерлер 20 күн бойы ЭКМО аппаратын қосып, одан кейін 2 ай бойы ауруханада емдеді.

30 жастағы жүкті әйел қалалық жұқпалы аурулар орталығына өткен жылдың 29 желтоқсанында жеткізілген. Ауруханаға түскен кездегі жағдайы тым ауыр болған еді, дейді дәрігерлер. Оған қоса науқас жүктіліктің 32-аптасында болған. 1 қаңтар күні тыныс алу жетіспеушілігінің І-дәрежесі, интоксикациялық синдромның болуына байланысты жансақтау бөліміне жатқызылады. Ал 5 қаңтар күні тыныс алу жетіспеушілігі ІІ,ІІІ-дәрежеге дейін төмендеп, жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.

- Іштегі шаранаға қауіп төнуіне байланысты дәрігерлер 6 қаңтар күні жедел түрде «кесір тілігі» арқылы босандырып алған. Өмірге қыз баласы келді. Шақалақтан ПЦР сараптамасы алынып, теріс нәтиже көрсеткен соң қалалық перинаталдық орталыққа ауыстырылды, - дейді жұқпалы аурулар орталығының дәрігері Айжан Байсенгирова.

Жаңа босанған әйелге 20 күн бойы ЭКМО аппараты арқылы ем жүргізілді.

Жүрек орталығы дәрігерлерінің айтуынша, ЭКМО аппараты – өкпе қабынып, жұмысы қатты нашарлаған кезде қанды оттегімен қамтамасыз етеді. Осы аппаратпен жүргізілген емнің арқасында әйелдің жағдайы жақсарған.Бұл құрылғы науқасқа дер кезінде көмек көрсетуге мүмкіндік берген.

Айта кетейік, науқастың өмірін аман алып қалу үшін дәрігерлер екі ай бойы үздіксіз ем жүргізді. Осылайша денсаулығы қалыпқа келген келіншек 1 наурыз күні ауруханадан шықты.