Қырғыз Президенті қазақ ақынының поэмасынан үзінді оқыды

Қырғыз Президенті қазақ ақынының поэмасынан үзінді оқыды

Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровпен келіссөз жүргізді, - деп хабарлайды Shymkentaqparat тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

Ақорда резиденциясында Қырғыз Президенті Садыр Жапаровты салтанатты қарсы алу рәсімі өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-қырғыз байланыстары арасында дәстүрлі достықтың бар екеніне, сондай-ақ, Қырғызстан - еліміз үшін тек одақтас мемлекет қана емес, бауырлас мемлекет екенін жеткізді.

Өз кезегінде, Қырғызстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлына Қазақстанға мемлекеттік сапармен шақырғанына ризашылығын білдірді. Садыр Жапаров екі ел арасындағы қарым-қатынастардың терең екенін сипаттай отырып, қазақтың белгілі ақыны Жұбан Молдағалиевтің сөздерін еске алды.

- Мен қазақпын, қырғыз ол - туысқаным,

Бірге тартқан тарланның құйысқанмын.

Анамыз да қара көз бір қыз, бәлки,

Бөліп берген егізге уыс нанын, - деп қазақ ақынының поэмасынан үзінді келтірді Қырғыз Президенті.

Садыр Жапаров Қазақстан мен Қырғызстан арасында ынтымақ пен бауырластық орнап, ешқашан шешілмейтін мәселелер болмауы керек екенін айтты.

Кездесу барысында Қазақстан мен Қырғызстан президенттері екіжақты стратегиялық серіктестіктің ауқымды мәселелері, атап айтқанда, саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистикалық, су-энергетикалық, коронавирус індетіне қарсы бірлескен шаралар, мәдени-гуманитарлық бағыттар, сондай-ақ, Еуразиялық интеграция және көпжақты құрылымдар аясындағы байланыстарды талқылады.