«Қырық ертегі – қырық кейіпкер»: Алматылық өнерпаздар бас жүлдені жеңіп алды

«Қырық ертегі – қырық кейіпкер»: Алматылық өнерпаздар бас жүлдені жеңіп алды

Бүгін Шымкенттегі Арбат алаңында еліміздің түкпір-түкпірінен келген ең талантты жас қылқалам шеберлері бас қосты. 500-ден астам дарынды бала қатысқан «Қырық ертегі – қырық кейіпкер» атты байқаудың қорытындысы «27 наурыз – Халықаралық театр күні» мерекесіне орай ұйымдастырылды.

Еске салсақ, өткен жылы дәл осы уақытта Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы мен Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театры «Қырық ертегі – қырық кейіпкер» атты мектеп оқушылары арасындағы республикалық сурет байқауын ұйымдастырған болатын. Бүгін аталған байқау мәресіне жетіп, жеңімпаздар марапатталды. Мерекенің сән-салтанатын алдымен «Сүйкімді қуыршақтар сыр шертеді» шеруі айшықтады. Шерудің көшін Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрының ең үздік қуыршақтары бастады.

Бұл күн театр қызметкерлерінің кәсіби мерекесі ғана емес, күллі өнерсүйер қауымның төл мерекесіне айналды, - дейді Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрының директоры Самат Алтай.

–Биыл – өнер ордасының 40 жылдық мерейтойы. Осыған орай, өткен жылы мектеп оқушылары арасында «Қырық ертегі – қырық кейіпкер» сурет байқауы басталып, биыл кәсіби мерекемізде қорытындыладық. Байқауды ұйымдастырудағы негізгі мақсатымыз – сурет әлемі арқылы өскелең ұрпақтың театр өнеріне деген махаббатын ояту. Өнер сайысына Қазақстанның сегіз облысы мен 16 қаласынан жас суретшілер қатысты, - деді театр басшысы.

Жас қылқалам шеберлерінің туындыларына арқау болған суреттер – Шымкент қалалық қуыршақ театрының 40 жылда сахналаған ертегі кейіпкерлері. Жас суретшілердің ішінен дарындыларды таңдау оңай болмады. Кәсіби мамандардан құрылған қазылар алқасының шешімімен І орынға Алматы қаласы Әбілхан Қастеев атындағы өнер және дизайн мектебі лайық деп танылды. Оларға «Шымкентке кел!» туристік бағытына арналған тур-билеті табысталды (Жеңімпаздар Шымкент қаласының 40-қа жуық тарихи орындарына 3 күн тегін саяхаттайды).

ІІ орынды Орал қаласы Сәкен Ғұмаров атындағы көркемсурет мектебі иеленді (Жеңімпаздарға «Құрметті көрермен» сертификаты табысталды. Осы сертификатпен бір жылдың ішінде кез келген қойылымды тамашалайды).

ІІІ орын Кентау балалар көркемсурет мектебіне бұйырды (жеңімпаздарға «12 ай – 12 ертегі» сертификаты табысталды. Олар әр айда қалаған бір ертегіні тамашалайды).

Мерекелік кеш Оқушылар сарайының өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласып, олардың өнері дүйім жұрт тамсандырды.