Әл-Фараби ауданы: 8 көпқабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізіледі

Әл-Фараби ауданы: 8 көпқабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізіледі

«Әл-Фараби ауданы аумағында орналасқан 926 көпқабатты тұрғын үйдің 40 пайызы ескірген. Тұрғындардың түйткілді мәселесі бүгінде «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында оң шешімін тауып келеді». Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте Әл-Фараби ауданының әкімі Рашид Мыңбаев мәлімдеді.

— 2011-2021 жылдары аралығында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында ауданда жалпы 141 көпқабатты тұрғын үйге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал, өткен жылы 9 көпқабатты тұрғын үйге күрделі жөндеуден өтті. Биыл 8 көп қабатты тұрғын үйдің шатыры, кіреберіс алаңы, жертөлесі және қасбеттеріне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған, - деді аудан әкімі.

Әл-Фараби ауданы шаһардың орталық аудандарының бірі болғандықтан тұрғындардың табиғи газ және электр қуатымен қамту көрсеткіші 99,9 пайызды құрап отыр. Ал, ауыз су мәселесіне келсек, Сәуле шағынауданы Жаңабазар көшесінде қалып кеткен 40-тан астам үйге 2022 жылы «Су құбыры және канализация басқармасы» МКК тарапынан ауыз су құбыры тартылып, пайдалануға берілген. Бүгінде аудан тұрғындарының ауыз су жүйесімен қамтылуы — 100 пайыз.

Айта кетейік, Әл-Фараби ауданы тұрғындарынан балалар ойын алаңын салуға ұсыныстар көптеп түскен. Бұл мәселе 2022 жылы «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында оң шешімін тапқан. Өткен жылы 50 тұрғын үйдің аулаларында абаттандыру және балалар ойын алаңшаларын орнату жұмыстары жүргізілсе, биыл 39 ойын алаңшасы орнатылмақ.