ӘЛ-ФАРАБИ АУДАНЫ – САПАЛЫ ӨМІР МЕН ДАМЫҒАН ИНФРАҚҰРЫЛЫМНЫҢ ҮЛГІСІ
Шымкент қаласының орталығында орналасқан Әл-Фараби ауданының жалпы аумағы – 19 880 гектарды, ал халық саны – 234 857 адамды құрайды. Аудан аумағында 928 көпқабатты тұрғын үй мен 16 633 жеке тұрғын үй орналасқан. Барлығы 623 аула, 6 саябақ, 16 гүлзар, 20 ескерткіш пен 12 субұрқақ халыққа қызмет көрсетіп тұр.
Әл-Фараби ауданы толықтай ауыз сумен, табиғи газбен және электр қуатымен қамтылған. Сонымен қатар, биыл жыл соңына дейін аулаларды абаттандыру жұмыстары шеңберінде 33 жаңа ойын алаңшасы орнатылмақ. Соның ішінде Сәуле шағын ауданында кешенді спорт алаңы бой көтермек. Осылайша, биыл аудан аумағында ойын және спорт алаңшаларымен қамту деңгейі 83,5%-ға жетіп, келесі жылы тозған алаңшаларды жаңарту арқылы бұл көрсеткіш 100%-ға жеткізілмек.
Жарықтандыру бағытында да ауқымды жұмыстар қолға алынған. Ауданда жалпы саны 390 көше бар. Биыл бюджет қаражаты есебінен 76 көше мен 69 тұйық көшені жарықтандыру жоспарланған. Жұмыстар толығымен аяқталғанда аудан көшелерінің жарықпен қамтылу деңгейі 100%-ды құрайтын болады.
Жол инфрақұрылымын дамыту мақсатында биыл аудан аумағында ұзындығы 15 шақырымды құрайтын 25 көшеге асфальт жабындысы төселеді. Сонымен қатар, ұзындығы 21,78 шақырым болатын 82 тұйық көшеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Жалпы, ауданда асфальтпен жабылған көшелердің саны 392-ге жетіп, қамтылу деңгейі 100% болады деп күтіліп отыр.
Тұрғындар тарапынан жиі көтерілетін мәселенің бірі – аяқ жолдар. Осы ретте биыл ұзындығы 5,8 шақырым болатын 16 басты көшеге жаңа аяқ жол салынып, 7,2 шақырым болатын 23 көше бойындағы аяқ жолдар жөнделеді. Бұдан бөлек, 13 ішкі орам көшелері мен көпқабатты тұрғын үй аулаларында ұзындығы 2,9 шақырымды құрайтын аяқ жолдар салу жоспарланған.