Әл-Фараби ауданы тұрғындарына Президент жолдауы түсіндірілді

Әл-Фараби ауданы тұрғындарына Президент жолдауы түсіндірілді

Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын жариялаған болатын. «Халық бірлігі және жүйелі реформалар - ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауды кеңінен түсіндіру мақсатында Әл-Фараби ауданы тұрғындарымен жиналыс өтті.

Әл-Фараби ауданының әкімі Рашид Мыңбаев төрағалық еткен басқосуда Кардиология орталығының дәрігері Гүлмира Әлімбаева, қалалық әйелдер кеңесі қоғамдық ұйымының төрайымы Баян Жандосова, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінің аға оқытушысы Бауыржан Жамелов баяндама жасады.

Биылғы Жолдауда жаңалықтардың өте көп екенін алға тартқан кардиолог дәрігер Гүлмира Сейсенқызы фармацевтика саласына қатысты мәселелерге тоқталып өтті.

«Бүгінде Қазақстанда дәрі-дәрмектерді өндіру 17% құрап отыр, Президент аталған өндірісті 50%-ға дейін арттыруды тапсырды. Дүниежүзін жайлаған пандемия денсаулық сақтау бағытына жіті көңіл бөлудің маңыздылығын көрсетті. Қазақстанда ойлап табылған «QazVac» вакцинасы біздің ғылымда жеткен үлкен жетістіктеріміздің бірі. Барлығыңызды қалыпты өмірге оралу үшін вакцина алуға шақырамын», - деді денсаулық сақтау саласының маманы.

Одан бөлек, Оңтүстік тұрғындарының Солтүстікке квота арқылы көшуінің артықшылықтары мен маңыздылығы қызу талқыланды.

Баяндамашылар Солтүстікке қоныс аударатын тұрғындарға жаңа баспана, 3 га жер және төмен пайызбен несие берілетінін, азаматтардың түгел жұмыспен қамтылатынын жеткізді. Бұл туралы да Жолдауда нақты көрсетілген.

Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге ең қажетті, сұранысқа ие деген 100 мамандықты атап өтті. Осылайша Президент Қазақстанның алдағы даму стратегиясын айқындап берді.

«ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының Жолдауын тек мемлекеттік қызметкерлер мен әкімшілік емес, барлық тұрғындар терең түсінуі өте маңызды. Себебі қоғамды жасайтын мына сіз бен біз. Енгізілгелі отырған жаңалықтарға барынша қолдау білдіріп, сенуге шақырамыз. Қазақстанның қол жеткізген ең үлкен жетістіктерінің бірі - тыныштықты сақтай білуіміз, бекем ауызбіршілігіміз», - деп қорытындылады Рашид Мамытұлы.