Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков сала мамандарына әлеуметтік такси қызметін ұйымдастыру жұмыстарына тексеру жүргізуді тапсырды, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Мұндай шешімге қала әкімі орынбасарының азаматтарды жеке мәселелерімен қабылдауына жазылған «Күн Нұры мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Күміс Туртаеваның өтініші түрткі болып отыр. Бірлестік төрайымы әлеуметтік такси қызметтерін жеткізушілерге арналған конкурс барысында кемшіліктерге жол берілгеніне наразы. Қала әкімі орынбасарының тапсырмасы бойынша әлеуетті өнім берушінің шағымы негізінде тексеру жүргізіліп, әлеуметтік такси қызметіне қайта конкурс жариялануы мүмкін.
- Әлеуметтік такси қызметіне өтінім қабылдауда кемшілікке жол бергендер жауапкершілікке тартылады. Әрине, тексерусіз ешкімді айыптай алмаймыз. Нәтижесі бойынша конкурс қайта өткізілуі мүмкін. Ең бастысы мүмкіндігі шектеулі жандарға сапалы әрі дер кезінде қызмет көрсетілуі тиіс, - деді Ерғали Білісбеков.
Әлеуметтік такси қызметін жүріп-тұруы қиын бірінші, екінші топ мүгедектері мен 16 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі балалар пайдалана алады. Қазіргі таңда ондай 43 көлік қызмет көрсетуде. Былтыр Шымкент қалалық халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына 500-ден астам мүмкіндігі шектеулі азаматтан 125 137 өтінімге тапсырыс берілген. Биыл 332 өтініш азаматтан өтініш түскен.
Жалпы, қала әкімінің орынбасары Ерғали Білісбековтың азаматтарды қабылдау күндері карантин жағдайына байланысты онлайн түрде өтуде. Жеке бастарына қатысты мұң-мұқтаждарын жеткізген шаһар тұрғындары сауалдарына тұшымды жауап алды. Қала басшысының орынбасары әр тұрғынның мәселесін мұқият тыңдап, заң аясында шешу жолдарын түсіндірді.