Ұлы Отан соғысында опат болған жауынгердің сүйегі елге жеткізілді

Ұлы Отан соғысында опат болған жауынгердің сүйегі елге жеткізілді

Шымкентке Ұлы Отан соғысында опат болған жауынгер Өксікбай Базарбаевтың сүйегі жеткізілді. Марқұм жауынгердің жерленген моласы Украинадан табылған. Бұл іске екінші дүниежүзілік соғыста қаза болып, іс-түссіз жоғалған ардагерлердің мазарын тауып, мәлімет жинақтайтын «Аталар аманаты» қоғамдық бірлестігі, ҚР Қорғаныс министрлігі, Шымкент қалалық қорғаныс істері жөніндегі департамент пен қала әкімдігі ұйытқы болды.

Қарт жауынгердің сүйегі Киевтен Нұр-Сұлтан қаласына, одан кейін Шымкентке арнайы ұшақпен жеткізілді. Табытты әуежайда ардагердің ұрпақтары, әскерилер, қалалық қорғаныс істері жөніндегі департамент басшылары, қоғам қайраткерлері, Шымкент қаласы және Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің жетекшілері қарсы алды.

– Ұлы Отан соғысы кезінде қаза тапқан аталарымыздың сүйектерін, жерленген мазарларын іздеп, табу, аты-жөндерін анықтау жұмыстары соңғы жылдары жақсы қолға алынған. Оған ел Президенті мен Қорғаныс министрлігі қолдау көрсетіп отыр. Жуырда ғана кезінде Кеңес одағының құрамында болған елдердің аумақтарынан 160 қазақстандық жауынгердің моласы табылды. Қазіргі таңда олардың әрқайсысының аты-жөндері анықталуда. Мүмкіндігінше марқұмдардың сүйектерін бүгінгідей елге арнайы жеткізіп, арулап жер қойнына тапсыратын боламыз, – деді ҚР Қарулы күштері ардагерлері кеңесінің Шымкент қалалық филиалының төрағасы Оңбаев Серікбай Мейірбайұлы.


ҰОС ардагері Өксікбай Базарбаев Түлкібас ауданында 1913 жылы туған. 1938 жылы 25 жасында әскер қатарына барады. Сол жақта жүргенде соғыс өрті тұтанып, майданға аттанған. Содан елге оралмай, алғы шепте елі үшін опат болады.

«Аталар аманаты» қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы Әлия Сағымбаеваның айтуынша, құрылғалы бергі 3 жылғы іздеу-анықтау жұмыстарының нәтижесінде көрші елдерде жерленген 9 ардагердің аты-жөні анықталып, елге жеткізілген.