Майра Мұхамедқызы – Шымкент қалалық Опера және балет театрының жаңа басшысы

Майра Мұхамедқызы – Шымкент қалалық Опера және балет театрының жаңа басшысы

Бүгін Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан қалалық Опера және балет театрының жаңа басшысын мекеме қызметкерлеріне таныстырды, – деп хабарлайды shymkentaqparat.kz

Майра Мұхамедқызы 1969 жылы Қытайдың Құлжа қаласында дүниеге келген. Бейжің Ұлттар университетінің Музыка факультетінде және Пекин Консерваториясында білім алған.

ҚР еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет», «Отан» ордендерінің иегері, «Тарлан» сыйлығының, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Париждегі «Гранд Операның» Қазақстаннан шыққан тұңғыш әншісі.

Әншінің әлемдік классикалық операсынан бөлек, оперетта, мюзикл, камералық вокалды шығармалардан, халық әндерінен тұратын бай репертуары үнемі толықтырылу үстінде. Репертуарындағы көптеген шығармалар Қазақстан сахнасында бұрын соңды орындалмаған. Опералық және концерттік репертуарын асқан талғампаздықпен таңдап, үлкен еңбекқорлық пен ізденістің үлгісін көрсетіп келеді.

Майра ханымның орындаушылық тәжірибесі Бетховеннің 9-ші симфониясын, Гайдннің «Әлем жаратылысы» ораториясын, Мендельсоннің Elijah ораториясын, Моцарттың Exultate Jubilate, Перголезидің «Stabat Mater», Россинидің «Кішкене Салтанатты Месса», Вилло-Лобостың «Bachianas Brasileiras» т.б. қамтиды.

Майра Мұхамедқызы Қазақстанның өнер Елшісі болып, қазақты өзге елдерге танытып, ұлттық опера өнерінің жалауын көптеген алыс-жақын шетелдерде желбіретіп, мәртебесін көтерді, егемен еліміздің мақтанышы, қазақ халқының жұлдызды әншісіне айналды.

Қазақ мемлекеттік Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптары оркестрімен осыған дейін орындалмаған халық әндерінен тұратын «Інжу Маржан» таспасын жазып, өнер сүйер қауымның ыстық ықыласына бөленді.