МЕДИАТОРЛАР АШЫҚ ЕСІК КҮНІН ӨТКІЗДІ

МЕДИАТОРЛАР АШЫҚ ЕСІК КҮНІН ӨТКІЗДІ

Шымкент қаласында «Құқық қорғау және татуласу орталығында» Медиация күніне арналған ашық есік күні өтті. Шымкент қалалық ҚХА жанындағы этномедиация кеңесінің мүшелері мен медиаторлар азаматтарға құқықтық кеңес берді.

Қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Медиация кеңесі ұйымдастырған іс-шараның негізгі мақсаты – қоғамда медиация мәдениетін қалыптастыру, азаматтар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру және дауларды шешудің баламалы тетігі ретінде медиацияның тиімділігін насихаттау.

Ашық есік күні аясында кәсіби медиаторлар қала тұрғындарына тегін кеңес беріп, даулы мәселелерді сотқа жеткізбей шешудің жолдарын түсіндірді. Тұрғындар отбасылық, еңбек, мүліктік және этносаралық сипаттағы келіспеушіліктер бойынша заңгерлік және медиативтік көмек алды.

Сонымен қатар, кеңес құрамындағы медиаторлар этномедиация ұғымын кеңінен түсіндіріп, оның бейбітшілік пен қоғамдық келісімді нығайтудағы рөлін ерекше атап өтті.

Шымкент қалалық ҚХА хатшылығының меңгерушісі Айгүл Әмзееваның айтуынша, жыл басынан бері Шымкент қалалық ҚХА Медиация кеңесі этнос өкілдері тығыз орналасқан шағынаудандар мен оқу орындарында ақпараттық-түсіндіру кездесулерін өткізуде. Бұл кездесулерде азаматтарға медиацияның құқықтық негіздері, татуласу рәсімдері және этносаралық дауларды шешудегі тәжірибелер таныстырылды.

«Шымкент келбеті»