МЕГАПОЛИСТЕ 21 МӘДЕНИЕТ ОШАҒЫ БАР

МЕГАПОЛИСТЕ 21 МӘДЕНИЕТ ОШАҒЫ БАР
Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты 21 мекеме бар. Оның ішінде 6 театр, 6 кітапхана, «Шымкент қалалық мәдениет үйі» концерттік ұйымы, «Шымкент-цирк», «Шым қала» тарихи-мәдени кешені, Шымкент қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығы, Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы, Көрме орталығы, Саяси қуғын-сүргін құрбандарының музейі, Шымкент мемлекеттік зоологиялық саябағы, Шымкент қалалық мемлекеттік архиві бар.
Мұндағы әрбір ұйымның ұлт мәдениетін дәріптеп, өскелең ұрпаққа рухани тәрбие беруде өзіндік миссиясы қалыптасқан.
Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры — Шымкенттегі өнер ордаларының қарашаңырағы. Шымкент қалалық орыс драма театры, өзбек драма театры, опера және балет театры, қуыршақ және жасөспірімдер театры, әзіл-сықақ және сатира театры сахналық қойылымдар арқылы тарихи-мәдени құндылықтарды жеткізіп, бабалар аманаты – төл дәстүрімізді жастардың санасына сіңіруде айрықша еңбек етіп келеді.
Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапхана, Шымкент қаласының орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі (23 филиал), орталықтандырылған балалар кітапханалар жүйесі (14 филиал), жасөспірімдер кітапханасы, көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана, А.Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапхана — мегаполистегі мол қорға ие қазыналы мекен.
Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай пайдалануға берілген Шымкент-Цирк мекемесі — еліміздегі ең жас цирктердің бірі. Ал, қаланың рухани тыныс-тіршілігіне, әдебиеті мен мәдениетінің дамуына үздіксіз үлес қосып отырған 6 кітапхана оқырманның рухани талап-тілегін қанағаттандырумен қатар, әлемдік, ұлттық, әмбебап ақпарат көздерін толық жинақтап, оқырманға жеткізіп, қызығушылығы ортақ мүдделестермен кездесу алаңында тәжірибе алмасуға мүмкіндік беріп отыр.
Халық шығармашылығын дамытып, аймақтағы жас таланттарды танытып, халыққа рухани байлық «Шымкент қалалық мәдениет үйі» қомақты үлес қосып отыр. Ал, өскелең ұрпаққа тарихи-мәдени құндылықтарды жеткізіп, насихаттау жолында қызмет етіп келе жатқан «Шым қала» тарихи-мәдени кешені, Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы мен Шымкент қалалық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінінің алар орны ерекше. Сонымен қатар, отандық және әлемдік мәдениет пен өнердің үлгі өнегесін, Шымкент қаласының мәдени мұрасын насихаттауда «Көрме» орталығы игі бастамалардың ұйытқысына айналған.