Бүгін Шымкент қаласы мәслихатының жетінші шақырылымдағы кезекті үшінші сессиясы өтті, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Сессияның күн тәртібінде 2021-2023 жылдарға арналған қала бюджетіне өзгерістер енгізу бойынша қала депутаттарының ұсыныстары тыңдалды.
Сессия отырысында қала басшысы Мұрат Әйтенов өңірде мәдениет саласын дамыту негізінде ең басты байлығымыз – адам капиталы екенін, мәдениет саласын дамытуды тұрақты қолдап отыру керектігін айтты.
«Шымкент - еліміздің үшінші мегаполисі болғандықтан мәдениет саласын Республика деңгейіне көтеруіміз қажет. Бұл салаға жоғары деңгейдегі мамандарды тарта отырып дамыта аламыз. Жергілікті мамандардың біліктілігі мен кәсібилігіне сенімсіздік танытпаймын. Дегенмен еліміздің мәдениет саласының дамуына үлес қосып келетін тәжірибелі азаматтардың көмегіне жүгінуге болады. Мәдениет дегеніміз бірден көтерілмейді, оны көтеруге 10-20 жыл уақыт керек. Ал, инфрақұрылым мәселесін 1-3 жылда шешуге болады», - деді қала әкімі.
Айта кетейік, 2021-2023 жылға арналған қала бюджеті 448 млрд. теңге болып нақтыланды. Бұл қаржының басым көпшілігі шеткі шағын аудандардың инженерлік-инфрақұрылымын салуға, халықты тұрғын үймен қамтуға және денсаулық сақтау саласының материалдық базасын нығайтуға бағытталатын болады.