Мейрам қарсаңында ардагерлерді құттықтады

Мейрам қарсаңында ардагерлерді құттықтады

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан Ұлы Отан соғысының ардагерлері Мұраталы Төлепбергенұлы мен Сәрсен Әбдінұрұлын және Нина Мосунованы арнайы құттықтап, сый-сияпат жасады. Қала әкімінің бірінші орынбасары биыл Қазақстан үшін, Шымкент қаласы үшін табысты болғанын айтты.

– Бейбіт күндеріміздің жаршысы болған Жеңіс жауынгерлері – Сіздер соғыстан кейінгі жылдарда елімізді қалпына келтіруге, экономикалық қуатын арттыруға еселі еңбек сіңірдіңіздер. Аға буынның Отан қорғаудағы және еңбектегі ерлігі қандай құрметке болса да лайық. Қалалық әкімдік соғыс ардагерлерін қамқорлығына алып, қолдау көрсетіп келеді, – деді Шыңғыс Жұмабекұлы.

Мұраталы Төлепбергенұлы Брест қамалы, Варшава, Данск, Виссмарк, Перлеберг қалаларындағы соғысқа қатысып, Германияның Биттенберг қаласында жауынгерлік жолын жеңіспен аяқтаған. Елге 1950 жылы оралып, ұжымшарды басқаруда еңбек етті. Түрлі орденмен, «Ерлігі үшін», «Варшаваны азат еткені үшін» мерекелік медальдармен марапатталған.

Қала әкімінің бірінші орынбасары бұдан кейін ҰОС ардагері Әбдінұров Сәрсен Әбдінұрұлының және Нина Мосунованың үйінде болды. Соғыс ардагерлерін мерекемен құттықтаған Шыңғыс Жұмабекұлы қарияларға зор денсаулық, ұзақ өмір, отбасына бақ пен береке тіледі.

Сәрсен Әбдінұрұлы 1943 жылы ел қорғауға аттанып, Украинаның І майданында 368 және 823-атқыштар полкінің құрамында соғысқан. Ал Нина Мосунова 1943 жылы өз еркімен әскер қатарына барып, майданда телеграфист, радист болып жеңісті жақындатуға үлес қосты.

Айта кетейік, бүгінде Шымкентте Ұлы Отан соғысына қатысушылар санатындағы 10 ардагер бар.