Бүгін Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар орталығында жаңа оқу жылының басталуына орай оқушылардың жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне арналған баспасөз брифингі өтті. Іс-шараға қалалық Полиция департаменті, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен Дене шынықтыру және спорт басқармасының өкілдері қатысты.
Алғашқы болып баяндама жасаған Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Асқар Жүзжасаров 2025-2026 оқу жылының басталуына байланысты жасөспірімдердің жолда жүру қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары зерделенгенін жеткізді. Қала аумағындағы 162 мемлекеттік мектептің алдындағы жаяу жүргінші өткелдеріндегі сызылған жолақтар мен жол таңбаларына, тиісті жол белгілер мен техникалық құралдардың түгелдігіне басты назар аударылған. Осы жылы жаңадан соғылып қолданысқа берілген мектептердің алдарындағы жолдарға, инфрақұрылымдық жағдайы мен техникалық құралдардың түгел болуына, әсіресе мектеп маңындағы жаяу жүргінші өткелерінің алдында орнатылған жол белгілері туралы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына тиісті нұсқамалар берілген. Қазіргі берілген нұсқамалардың негізінде барлық мектептердің алдарындағы жаяу жүргіншілер жолағы жаңартылып жатыр. Сондай-ақ, жол белгілерін жауып қалған ағаш бұталарын кесу жұмыстары да тиісті басқармалармен бірге күнделікті атқарылып келеді екен.
Сонымен қатар, оқу жылы басталған күннен бастап барлық мектептердің алдында, оқушылардың жолдан өту қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында полиция қызметкерлері бұрынғыдай ерекше қырағылықпен және күшейтілген тәртіппен жұмыс атқара береді.
Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Өмір Қалыбаевтың сөзінше, шаһардағы 165 мемлекеттік жалпы орта білім беру мектептерінің іргелес аумақтарында орналасқан көшелердегі жаяу жүргіншілер өтпелеріне, аяқ жолдарға, жол белгілеріне, жол таңбаларына, пандустар ұйымдастыруға және тағы басқа да іс-шаралар атқаруға зерделеу жұмыстары жүргізілген. Қазір 68 мектептің жол таңбасы, соның ішінде 22 мектептің жол белгілері, жасанды жол кедергілері жаңартылған. ОнЖайлы мектепке жол белгілері, жасанды жол кедергілері толық жаңадан орнатылыпты. Биыл 1 қыркүйекке дейін 97 мемлекеттік мектеп маңындағы жаяу жүргіншілер өтпелерінің жол таңбалары толық жаңартылып, 30 мектептің «Абайлаңыз, балалар!» ақпараттық белгісі қайта орнатылатыны баян етілді. Яғни барлық мектептің айналасына жылдамдықты 40 км/сағ дейін шектейтін жол белгілері орнатылған.
Сонымен қатар, кешкі уақытта балалардың және жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында былтыр 50 жаяу жүргінші өткелі және биыл 154 жаяу жүргінші өткелі жарықтандырылған. Сондай-ақ, жыл соңына дейін бағдаршамдар, аялдамалар, құдық қақпақтары мен жасанды жол кедергілерін толық орнату жұмыстары жалғаспақ.
Қала әкімдігінен келіп түскен тапсырмаға сәйкес, Дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты 20 спорт ұйымына балалардың жолда жүру қауіпсіздігін күшейтуге арнайы нұсқаулар берілген. Бұл туралы брифингтебасқарма басшысының орынбасары Бауыржан Алдабергенов айтты. Осыған орай спорт мектептерінде түсіндірме семинарлар ұйымдастырылып, жаднамалар таратылған. Ал әлеуметтік желілерде бейнероликтер мен жарияланымдар орналастырылыпты.
Бұған қоса, Ләззат Тәжиева атындағы №4 олимпиада резервіндегі спорт мектебінің жасөспірім спортшыларына Бадам су қоймасындағы каноэ және ескек есу базасына бару кезінде жол қауіпсіздігі ережелері арнайы түсіндірілген. Бұл бағыттағы бейнеролик басқарманың ресми Instagram парақшасында жарияланған. Сондай-ақ Бауыржан Алдабергенов басқармаға қарасты спорт мектептерінде қалалық және республикалық жарыстарға кәмелетке толмағандарды тасымалдау қатаң бақылауда екенін жеткізді.
Сондай-ақ БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген Шымкент қаласының Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Асқар Тұрдалыұлының айтуынша, барлық мектептерге полиция қызметкерлері бөлінген. «Арнайы жасөспірімдер инспекторлары бар, ал жетпеген жағдайда учаскелік инспекторлар мен жедел уәкілдер жұмылдырылады. Әр мектепке жауапты қызметкер бекітіліп, жыл бойы күнделікті бақылау жүргізеді», дейді ол. Сондай-ақ департамент өкілінің сөзінше, балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары жыл сайын азайып келеді. Мәселен, 2022 жылы – 23, 2023 жылы – 18, былтыр және биыл жыл басынан бері 10 жол-көлік оқиғасы тіркелген.
Соның ішінде бір оқушыны жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқанда көлік қағып кеткен. Алайда, бұл оқиға жаз мезгілінде, мектеп маңында емес, өзге аумақта болған. Қалған жағдайларда жасөспірімдер белгіленбеген жерден жолды кесіп өту кезінде зардап шеккен. Өкінішке қарай, биыл 8 оқушы жол-көлік апатынан көз жұмғаны белгілі болып отыр. Дегенмен, жалпы статистикаға көз жүгіртсек, оң өзгеріс барын жеткізген басқарма бастығы «Былтыр қала аумағында жол-көлік оқиғалары салдарынан 44 адам көз жұмса, биыл бұл көрсеткіш 32-ге дейін азайды. Бұл жұмыстар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан кешенді шаралардың нәтижесін көрсетеді», деді.
Жадыра МҮСІЛІМ, «Шымкент келбеті»