Қаланың орталық мешітінде «Мектепке жол-2024» қайырымдылық іс-шарасы ұйымдастырылды. Республикалық акцияға ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, қалалық дін істері басқармасының басшысы Бақтияр Өнербаев, қаланың бас имамы Бақдаулет Нұрматұлы арнайы қатысып, құттықтау лебізін білдірді.
Іс-шарада Бас мүфти оқушыларға білім-ғылымның мәртебесі, артықшылығын атап өтіп, жаңа оқу жылында сабақтарын жақсы оқуға шақырды. Орталық мешіттегі қайырымдылық акциясында «Зекет және қайырымдылық» қорының ұйытқы болуымен 500 оқушыға мектеп сөмкелері мен қажетті (дәптер, қалам, сызғыш, церкуль, бояу, түрлі түсті қалам, түрлі түсті журнал, сурет дәптер, қалам ұштағыш, желім т.б.) құрал-жабдықтар үлестірілді.
Игі іс-шара тамыз айының соңына дейін Абай, Әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау, Тұран аудандық мешіттерінде жалғасады.
ҚМДБ-ның қайырымдылық іс-шаралары бағытында бірнеше жобасы бар. Соның бірі - оқу-білім алуға қолдау көрсету бағытындағы «Мектепке жол» акциясы. Бірнеше жылдан бері бұл іс шара дәстүрге айналды.
«Шымкент келбеті»