Мемлекет басшысының Жолдауын толық тыңдап шықтым. Бұл елдің алдағы даму бағытын айқындайтын, әрбір қазақстандық үшін маңызды стратегиялық құжат деп санаймын. Президентіміздің Ұлттық құрылтайда айтқан ойларының Жолдауда жалғасын тауып, нақты ұсыныстар мен шешімдерге айналғаны ерекше мәнге ие. Халық дәл осы Жолдауды ынтамен күткені де сондықтан.
Жалпы Жолдауда мемлекеттің барлық саласына қатысты маңызды бастамалар қамтылды. Әсіресе, көлік-логистика саласын дамытуға, транзиттік әлеуетімізді тиімді пайдалануға ерекше назар аударылғаны көңілімнен шықты. Қазақстан Еуразия мен Азияны жалғайтын ірі дәлізге айналып келеді. Осы бағыттағы жұмыстарды жүйелеуде жасанды интеллектіні енгізу қажеттігі айтылды. Бұл заманауи талапқа сай, дұрыс шешім болды.
Сонымен қатар, Президентіміз шекаралық аймақтардағы бақылау бекеттерін жаңғыртуға мән берді. Бұл өте орынды, себебі еліміздің Қытаймен, Ресеймен, Өзбекстанмен арадағы өткізу бекеттері халықаралық стандарттарға сай болуы керек. Президенттің 34 шекаралық бекетті жаңғырту туралы тапсырмасы халық күткен шешім. Өйткені ол жерден күн сайын мыңдаған адам мен тонналаған тауар өтеді.
Тағы бір маңызды мәселе – туризм саласы. Мемлекет басшысы еліміздің туристік әлеуеті жоғары болғанымен, қызмет көрсету сапасының төмендігі мен инфрақұрылымның жеткіліксіздігін ашық айтты. Бұл салада министрлік пен жауапты органдар шұғыл әрі жүйелі шара қабылдауы қажет деп ойлаймын.
Ал ең басты жаңалықтардың бірі – бір палаталы Парламент құру туралы бастама. Бұл ұсыныс қоғамда көптен бері айтылып жүрген пікір еді. Президент халықтың ой-талабын ескеріп, уақыт талабына сай шешім қабылдады. Өз басым бұл бастаманы толық қолдаймын. Екі палата жүйесі белгілі бір кезеңде қажет болған шығар, бірақ қазіргі жағдайда бір палаталы Парламенттің жұмысы жеткілікті деп есептеймін. Егер референдумға шығарылса, халық бұл бастаманы қолдайды деген сенімдемін. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, мәдениет пен руханият саласы да назардан тыс қалған жоқ. Астанада вагон құрастыратын зауыттың ашылуы ел экономикасына тың серпін береді. Бұл да индустриялық-инновациялық дамудың нақты көрсеткіші.
Жалпы алғанда, Жолдауда айтылған бастамалардың барлығы жүзеге асқан жағдайда, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа қарқын береді деп ойлаймын. Бұл – мемлекетіміздің болашағына деген сенімімізді арттыратын құжат.
Біржан Байтуов, айтыскер ақын