Бүгін ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның төрағалығымен «Мерейлі отбасы» Ұлттық байқауын дайындау және өткізу жөніндегі жұмысты үйлестіру, ұйымдастыру комитетінің отырысы өтті, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Ұйымдастыру комитетіне Парламент Сенатының депутаты, ұлттық комиссия мүшелері, өңір әкімдерінің орынбасарлары, БАҚ-ның өкілдері және белгілі қоғам қайраткерлері қатысты.
А.Балаева өз сөзінде адамгершілік құндылықтарды жаңғыртуға және отбасы мәртебесін арттыруға бағытталған ұлттық конкурстың ерекшелігі мен маңыздылығын атап өтті.
- Жылдағы дәстүрмен биыл да «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсын бастағалы отырмыз. Елбасының ұсынысымен қолға алған жоба – бүгінде нағыз халықтық мерекеге айналды. Жыл сайын бұл жобаға халықтың үлкен қызығушылықпен қатысып жүргенін көріп отырмыз. Жоба басталғаннан бері бүгінге дейін еліміздің 15 мыңнан астам жанұясы осы байқауға қатысты. Мұның өзі – біздің қоғамға отбасы құндылығын дәріптейтін, үлгі көрсететін ерекше жобаға айналғанын көрсетеді деп білемін, - деді А.Балаева.
Сондай-ақ, шара барысында байқауды өткізудің жаңа өзгерістері туралы айтылды.
- Бұрын республикалық деңгейде бір ғана отбасы жеңімпаз болатын. Ағымдағы жылдан бастап өңірлік деңгейде жеңімпаз атанған 17 отбасының барлығына да Конкурс лауреаты атағы беріліп, бірдей марапатталатын болады, - деп атап өтті А.Балаева.
Сонымен бірге, биылдан бастап конкурсқа қатысуға өтініш беру, конкурс нәтижесі бойынша марапаттау, конкурс қорытындыларын анықтайтын комиссия құрамына азаматтық қоғам өкілдері ғана емес, сонымен бірге конкурстың бұрынғы жеңімпаздарының да кіруі; жеңімпаздарды анықтау мен бағалаудағы жаңа баллдық жүйе бойынша шарттық өзгерістер енгізілген.
Еске сала кетейік: «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына Құжаттар қабылдау 15 маусымға дейін жалғасады. Байқау лауреаттарын марапаттау рәсімі жыл сайынғыдай қыркүйек айында, Отбасы күні қарсаңында салтанатты түрде өткізіледі.