Еліміздің спорт саласына еңбек сіңіріп жүрген тұлғалар –Бақытжан Жақсықұлов пен Ғани Ахметбаевтың мерейлі 60 жасқа толуына орай бильярдтан ашық турнир өтуде.
ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Халықаралық Олимпиада дәрежесіндегі төреші, Азия құрлығы төрешілерінің жетекшісі (Супервайзер) болған Бақытжан Жақсықұлов биыл төрешілік қызметін абыроймен аяқтап, зейнетке шықты. UWW (Біріккен Күрес Әлемі) ұйымы ағамыздың талай жылғы еңбегін бағалап, зейнетке салтанатты түрде шығарып салғанын көпшілік біледі.
Сондай-ақ, ұлттық спорттың жанашыры, қаншама жыл қалалық, облыстық ұлттық спорт түрлері мектебін басқарған, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ғани Ахметбаев та биыл 60 жасқа толды.
«17 мерген» бильярд клубы ұйымдастырған турнир ағаларымызға деген сол қошеметтің жалғасы іспетті. Қаладағы «Айжарық» бильярд клубында өтіп жатқан сайыста 50 жастан асқан азаматтар, жалпы 48 тастаяқ шебері бақ сынап жатыр. Арасында 80 жасты алқымдаған қатысушы да бар.
Сайыстың ашылу рәсімінде Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов қос тұлғаның ел спортына қосқан үлесі мол екенін атап өтіп, мерейтой иелеріне мәслихат атынан ұлттық шапан жапты. Шымкент қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Бауыржан Әлтеев, Шымкент қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Маратбек Мықтыбеков мерейтой иелерін құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді.
Айта кетсек, жарыстың жүлде қоры – 1 миллион теңге. Бірінші орын иегеріне – 500 000 теңге, 2-ші орын иегеріне – 300 000 теңге, 3-ші орын иегеріне 200 000 теңге қаржылай сыйақы табыс етіледі. Спортта ардагер деген ұғым болмайтынын ұстанған тастаяқ шеберлерінің сайысы бүгін мәресіне жетеді.