Бүгін Шымкент қалалық Опера және балет театры «Домалақ ана» операсын жаңа форматта сахналады. 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңындағы қойылымға Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов қатысып, қыз-келіншектерді, аналарымызды мерекемен құттықтады.
– Барша әлемді сүйіспеншілік пен махаббаттың, іңкәрлік пен сұлулықтың, қайырымдылық пен ізгіліктің нәріне бөлейтін, береке-бірліктің тұтқасы Сіздер. Қазақ елі қашанда ақ жаулықты ананы ардақтап, аруды аялаған, асыл жарды бағалап, қарындасқа қамқор болған. Осы дәстүрдің арқасында біздің қыздарымыз ежелден еркін өсіп, ерлермен бірге тізе қосып, ел басқару ісіне араласқан. Қазіргі қоғамда да әйелдер тек отбасының береке-бірлігінің ұйытқысы болып қана қоймай, мемлекетіміздің дамуына да белсене араласып келеді. Қаламызда әйелдер қауымы үшін жаңа мүмкіндіктерге кеңінен жол ашылған. Отбасы институтын, көп балалы аналарды, кәсіпкер әйелдерді қолдау және гендерлік теңдікті қамтамасыз ету, мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі, –деді Қуаныш Жұмабекұлы.
Айта кетейік «Домалақ ана» – Тәуелсіз Қазақстан жылдарында жазылған екінші опера. Операның композиторы – ҚР Мәдениет саласының үздігі, Халықаралық байқаулардың лауреаты Тасқын Жармұқамет. Идея авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Майра Мұхамедқызы.
– Бүгінгі қойылымды абыз аналарымыздың құрметіне көрсетіп отырмыз. Шымкентте «Домалақ ана» операсы бренд болып қалыптасып, бүгінге дейін 46 рет қойылды. Астана, Қарағанды қалаларында көрсетіліп, көрерменнің қошеметіне ие болды. Бұл операмен театрымыз мақтана алады. Келешекте Бәйдібек атамыздың үлкен көшін ашық аспан астында көрсетсек деген арманымыз бар, – дейді театр басшысы Майра Мұхамедқызы.
Қойылымда қазақ тарихындағы аты аңызға айналған абыз ананың өзіне тән қасиетті бейнесі тереңдікпен жеткізілген. Жас қыз Нуриланың ана атанып, өсиет пен рухани құндылықтарға және аналық мейрімге толы ғұмыры арқылы ана махаббаты суреттелген.