Жыл сайын Жаңа жыл мерекесі қарсаңында елімізде өрт жағдайлары жиі кездеседі. Өрттің көп бөлігі тұрғын үй секторында орын алады. Бұл туралы Ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте төтенше жағдай мамандары мәлімдеді.
ТЖД берген мәлімет бойынша, Қазақстанда өрттің 68%-ы тұрғын үй секторларында орын алса, мерекелік жаңа жыл күндерінде бұл көрсеткіш 82-85%-ға дейін артады екен. Жыл басынан бері Шымкент қаласында 201 өрт тіркеліп, салдарынан 3 адам қайтыс болған.
–Көп жағдайда тілсіз жау адамдардың салғырттығынан болып жатады. Өрт қауіпсіздігінің қарапайым ережелерін сақтамау – орны толмас жағдайға әкеледі. Сондықтан жергілікті әкімдіктер, ішкі істер органдары, әлеуметтік қамту, білім беру және денсаулық сақтау өкілдерімен бірігіп, түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізіп келеміз - деді ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Әлібек Ысқақов.
Департаменттің бастамасымен газ дабылқаққыштарды сатып алу және орнату бойынша жергілікті атқарушы органдар мен демеушілер арасында меморандумға қол қойылған. Қазіргі уақытта департамент қызметкерлері халықтың әлеуметтік осал топтарына демеушілер есебінен 179 құрылғыны орнату бойынша жұмыс жүргізуде.
Ал 2021 жылы бюджет есебінен 2192 газ дабылқаққыш орнатылса, биыл 3000-ға жуық құрылғы орнату жоспарланған. Мамандар осыған орай тұрмыстық газды пайдалану барысында техникалық қызмет көрсету бойынша шарт жасасу қажеттігін айтып өтті.
– Шымкент қаласында техникалық қызмет көрсететін 13 компания қызмет атқарады. Ал, түтіндік мұржаларын және желдеткіш арналарын тазалайтын 7 мекеме бар, - деп атап өтті қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы басшысының орынбасары Мәлік Құттымбетұлы.
Жауапты мамандар мереке алдында сақтық шараларын ұстанып, қарапайым талаптарды орындауда жауапкершілік танытуға шақырды.