Наурыз мерекесі қарсаңында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылып, қала тұрғындары тойлауға кірісіп те кетті. Дәрігерлер мереке кезінде түрлі тағамдардан уланып қалудан сақ болуға шақырды. Ақпараттық коммуникациялық орталықта өткен брифингте мамандар сақтық шараларын түсіндірді.
– Мереке қарсаңында тұрғындар азық-түлік, оның ішінде әртүрлі тез бұзылатын аспаздық және кремді кондитерлік өнімдер алып жатады. Мұндай сәтте тамақтан уланудың негізгі себептері ретінде тамақ дайындау кезінде жеке гигиена ережелерінің сақталмауы, сондай-ақ жарамдылық мерзімі өткен өнімді қолдану, тез бұзылатын тағамдардың тоңазытқышта сақталмауын айтуға болады, - деді Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Алдарқұл Райымқұлұлы.
Мамандар мерекеде алаңдарда, саябақтарда, көше бойында тәтті мақта, қуырылған жүгері, құйылмалы квас, самса, бәліш, жұмсақ балмұздақ сататын және белгіленген орны жоқ рұқсатсыз сауда орындарының көбейіп кететінін тілге тиек етті. Сондықтан тұрғындарды денсаулығына жауапкершілікпен қарап, мұндай сауда орындарының өнімін тұтынбауға шақырды.
Брифинг барысында Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары А.Тұрымбетова туберкулез дерті және оның қаупі жайлы баяндады.