М.Әйтенов онлайн қабылдау өткізді

М.Әйтенов онлайн қабылдау өткізді

Шымкент қаласы әкімі Мұрат Әйтенов азаматтарды жеке мәселелері бойынша онлайн қабылдады, деп хабарлайды Shymkentaqparat

Қала әкімінің онлайн қабылдауына келген Н.Аширов мүгедек баласының сауықтыру орталықтарында ем алуын, дәрілерін алуға көмек беруді сұрап келген. Балаға бөлінген витаминдер, дәрілер берілмей келгені белгілі болды.

- Дәріге қаражат қаралған. Мүгедектер арбасы бар. Неге тұрғынға берілмей отыр? Егер кінәлі бар болса жазалануы керек. Тұрғынды бүгіннен қалдырмай жеке қабылдап, мәселенің мән-жайын анықтаңыз. Мәселені түбегейлі шешіп, маған баяндаңыз. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету саласында олқылықтар бар. Соны ретке келтіріңіз, - деп өзінің бірінші орынбасарына нақты тапсырма берді.

Ал, Абай ауданының тұрғыны Д.Сүлейменов Ақтас-2 шағын ауданының инфрақұрылым және аялдама орнату мәселелерін көтерді.

Тұрғынның талап-тілегін тыңдаған шаһар басшысы шағын ауданның газ мәселесі келесі жылы шешілетінін айтты. Бүгінде құрылысқа қаржы бөлініп, мердігер анықталып жатыр. Ал, сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында құрылыс жұмыстары қызу жүргізілуде. Аталған жұмыстар күзде аяқталып, жыл соңына дейін тұрғындар сапалы ауыз сумен қамтылатынын атап өтті. Сонымен бірге, әкім Мұрат Әйтенов тиісті сала басшысына қыркүйек айында аялдама қойып беру жөнінде тапсырма берді. Жұмыстардың атқарылу барысын көру мақсатында Ақтас-2 шағын ауданына барып, тұрғындармен кездесетінін айтты.

Одан өзге, Ұлағат шағын ауданы Е.Спатаев көшесінің тұрғыны су мен жарыққа қатысты шағымын жеткізді.

- Су құбырына келер болсақ, ол жерде стандартқа сай емес құбыр болғандықтан артық қысымды көтермей ақау орын алып жатыр. «Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС-ның инвестициялық бағдарламасына сәйкес, осы жылы тамыз – қыркүйек айларында тозығы жеткен ауыз су құбырлары жаңартылатын болады. Жарықтандыру мәселесі күзде шешімін табады, - деді қала әкімі. Еңбекші ауданының әкімі Д.Есілбекке мәселе шешімін тапқанға дейін жеке бақылауына алып, тұрғынмен кездесуді жүктеді.

Онлайн қабылдау барысында тұрғын үй, әлеуметтік көмек, жер мәселесі де сөз болды. Қала әкімі тұрғындардың арыз-шағымы назардан тыс қалмай, заңды және жоспарға сай шешілетінін жеткізді. Аудан әкімдеріне тұрғын алаптарды аралап, биыл және алдағы жылы жасалатын жұмыстарды тұрғындарға жүйелі түрде түсіндіріп отыруды тапсырды.