М.ӘЙТЕНОВ ШЫМКЕНТТІКТЕРДІ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚТЫ ЖАҢҒЫРТУ БАҒДАРЛАМАСЫН БЕЛСЕНДІ ТҮРДЕ ПАЙДАЛАНУҒА ШАҚЫРДЫ

М.ӘЙТЕНОВ ШЫМКЕНТТІКТЕРДІ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚТЫ ЖАҢҒЫРТУ БАҒДАРЛАМАСЫН БЕЛСЕНДІ ТҮРДЕ ПАЙДАЛАНУҒА ШАҚЫРДЫ

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Әл-Фараби ауданына қарасты Тараз, Сайрам, Теріскей және Күншығыс шағынаудандарының тұрғындарымен кездесті. Кездесуде өткен жылы атқарылған жұмыстар баяндалып, шағын аудандарды дамыту және халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мақсатында алдағы уақытта атқарылатын жұмыстың жоспары таныстырылды.

–Сіздер тұрып жатқан шағынаудандарда негізінен инженерлік-инфрақұрылым мәселелері шешімін тапқан. Дегенмен, электр қуатының жиі сөнуі мен газ қысымының төмен болуы – бүкіл қалаға ортақ өзекті мәселе. Осыны ескере отырып біз «Бозарық», «Астана-1», «Астана-2» қосалқы электр станциялары мен №3 автоматтандырылған газ тарату станциясын салдық. Биыл осы станцияларға біртіндеп қаланың барлық елді мекендері мен шағынаудандарын қосамыз. Осылайша, тұрғындар табиғи газ бен электр қуатын үздіксіз пайдаланатын болады, – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.

Шаһар басшысы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғыртуға бағытталған мемлекеттік бағдарлама жұмыс істеп тұрғанын айтып, шымкенттіктерді осы мүмкіндікті белсенді түрде пайдалануға шақырды.

Әкімнің айтуынша, тұрғындар келісімін берсе, мемлекет тозығы жеткен көпқабатты тұрғын үйлердің шатырын, кіреберісін, қасбетін және барлық инженерлік-инфрақұрылымын жаңартып беруге дайын. Күрделі жөндеу жұмыстарына кеткен шығынды тұрғындар 7 жыл мерзімде бөліп төлейді. Бұл қаржыға ешқандай пайыздық үстемақы да қосылмайды екен.

Мұнан бөлек М.Әйтенов азаматтардың жұмысқа орналасуы мен өз бизнесін бастауына мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектер, қаланы көгалдандыру, тұрмыстық қатты қалдықтарды уақтылы тасымалдау, спорт, ойын алаңшаларын салу, ішкі орамдық көшелер мен аулаларды жарықтандыру және өзге де мәселелер туралы әңгімеледі.

Кездесу барысында Әл-Фараби ауданының әкімі Рашид Мыңбаев пен қала әкімдігінің бірқатар салалық басқармаларының басшылары атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап берді. Кездесудің соңы тұрғындармен сұрақ-жауапқа ұласты.