Шымкентте биыл мемлекеттік бағдарлама аясында жалпы 33 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Бұл жөнінде кеңейтілген Үкімет отырысында қала әкімі Мұрат Әйтенов баяндады, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Қала әкімінің дерегінше шаһарда «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы 3 бағыт бойынша іске асырылады. Бірінші бағытта 5,5 млрд. теңгеге 13 нысанның құрылысы жүргізілсе, екінші бағытта 1,5 млрд. теңге көлемінде микрокредиттер берілді. Ал үшінші бағытта 7,1 млрд. теңгеге бизнес субъектілеріне қолдау көрсету қаралған.
– Осы бағыттар жүзеге асырылса 392 жұмыс орны құрылып, 6,5 мың адам таза ауызсумен, 17,6 мың адам сапалы электрмен қамтылады. Екінші бағытта орташа есеппен 4,2 млн. теңге көлемінде 6%-ға дейінгі сыйақы мөлшерлемесімен 357 жобаға берілген жағдайда 757 тұрақты жұмыс орындары құрылады, - деді М.Әйтенов өз баяндамасында.
Ал бағдарламаның үшінші бағыты аясында 70-ке жуық жобаларды іске асыру мен 280 адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр.