Бүгін Шымкентте Арбатта «Мобильді Арбат» жәрмеңкесі өтуде. Жәрмеңкеде туристік кластердің өкілдері, қолөнершілер мен шеберлер өз тауарын тұрғындарға ұсынды. Сондай-ақ келушілер қолөнершілердің саз балшықпен құмыра жасаудан шеберлік сабағына қызығушылықпен қатысып жатыр.
Іс-шараның мақсаты – жергілікті шеберлерді насихаттай отырып, туристік өнімдерді жарнамалау, дейді ұйымдастырушылар.
– Жәрмеңкені қаланың әр көшесінде маусым сайын ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Онда қолөнершілердің бұйымдарын, қазақтың ұлттық өнімдерін қала тұрғындарына ұсынамыз. Сонымен қоса, қазақтың салт-дәстүрін дәріптеуде жастар арасында ұлттық ойындар ұйымдастырылады. Екінші жағынан, бұл жәрмеңке туристердің назарын аударады, - деді «Visit Shymkent» туристік-ақпараттық орталығының басшысы Ерлан Сүйіндікұлы.
Арбатқа жиналғандар қолөнершілердің шеберлігіне тамсанып, еңбегін бағалап, қолдан шыққан бұйымдарына қызығып сатып алуда. Жалпы қолөнершілердің ұлттық нақышта жасаған бұйымдарына шетелдік туристердің де тарапынан сұраныс артып келеді.