Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Шымкент қаласының әкімі болып Мұрат Дүйсенбекұлы Әйтенов тағайындалды.
Шымкент қалалық мәслихатының депутаттары Мұрат Дүйсенбекұлының шаһардың дамуына сіңірген еңбегін ескере отырып қала әкімі болып қайта тағайындалуына келісімін берді. Осыдан кейін Мемлекет басшысы тиісті Жарлыққа қол қойды.
Мұрат Әйтенов Шымкент қаласының әкімі лауазымын 2020 жылдың 21 қаңтарынан бері табысты атқарып келеді. Ол басшылық еткен кезеңде Шымкент қаласының бюджеті бірнеше есе өсіп, инвестициялық ахуал жақсарды және инфрақұрылым, өнеркәсіп, шағын және орта бизнес, құрылыс салалары қарқынды дамып келеді. Атап айтқанда, осы уақыт аралығында шаһардың инвестициялық ахуалын жақсарту бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қала экономикасына 1,5 триллион теңге инвестиция тартылды. Оның 80 пайызы жеке инвесторлардың үлесінде.
Инвестиция көлемінің артуы есебінен қала бюджетінің көлемі 4 еседей артып, 600 миллиард теңгеге жуықтады. Оның ішінде бюджеттің өзіндік кірістері 251 миллиард теңгені құрап отыр. Шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының саны 70 мыңнан 104 мыңға дейін көбейіп, бұл сала қаланың жалпы ішкі өніміннің 41 пайыз құрап отыр.