ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев Шымкент қаласына сапары аясында бірқатар әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандарды аралап, ондағы қызметкерлердің жағдайымен танысты. Мәжіліс депутаты, қалалық мәслихат депутаттары алдымен жаңадан ашылған «Олимп» клиникалық-диагностикалық зертханалар желісінің жұмысын бақылап көрді.
Мекеме басшысының айтуынша, жаңа ғимаратқа өз қаражаты есебінен 1,2 млрд теңге инвестиция жасап, іске қосты. Күні кеше лицензияға да қол жеткізген. Жаңа зертханада 30 адам, жалпы мекемеде 200 адам жұмыс істейді. Жылдан-жылға ауқымы кеңейіп келеді.
Одан бөлек, қалада 40 шақты ем-шара кабинеттері бар. Ол жерде пациенттер анализ тапсырады. Әрі қарай осы жерге тасымалдап, талдау жасалынады. Мәжіліс депутаты жаңа зертхананың әрбір бөлімдерін аралап, тыныс-тіршілігіне куә болды. Мекеме басшылығы да өз кезегінде жаңа салық кодексіне байланысты сауалдарын қойды.
Сондай-ақ, А.Перуашев «QAZALPACK» ЖШС-і алюминий банкаларын өндіретін зауытқа да барды. Өндіріс басшысы кәсіпорынның қазіргі жай-күйі, қызметкерлерді оқыту, оларды әлеуметтік қорғау бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
Қазір мұнда қызметкерлер шетел тіліне, жалпы өндірістік бағытта тәлім алуда. Мекеме директорының мәлімдеуінше, өнімдер ішкі және сыртқы нарықты қамтамасыз етеді. Атап айтқанда, Қазақстан, Өзбекстан, Ресей, Тәжікстан нарығына шығарылады. Жалпы, алюминий қаптамалардың барлық түрі өндірілуде.
«Шымкент келбеті»