Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой эпидемиологиялық ахуал бойынша арнайы жұмыс тобы жасаған 2021 жылдың соңына дейінгі болжамды жария етті, – деп хабарлайды shymkentaqparat.kz
«Наурыз айының соңында індетті жұқтыру деңгейі көп тіркелуі мүмкін. Оптимистік сценарий бойынша тәулігіне 3 мың жағдайға дейін күтілуде, ал төсек қорының барынша қамтылуы 24 мыңға дейін жетуі мүмкін. Дегенмен, аталған сценарий кезінде қатаң карантин талаптарын енгізу жоспарланып отырған жоқ», - деді Алексей Цой Үкімет отырысында.
Министр сонымен қатар реалистік және пессимистік сценарий бойынша күн сайын 6 және 9 мың адам індет жұқтыруы мүмкін екенін айтады. Ал төсек қорының қамтылуы 45 мыңға дейін жетеді. Яғни КВИ-мен ауыратын науқастарға қолжетімді 52 мың төсектен аспайды, бірақ денсаулық сақтау жүйесіне шамадан тыс жүктеме түсірмей, сапалы медициналық қызметті қамтамасыз ету үшін қатаң карантин талаптарын енгізу қажет болады.
«Бірінші кезеңде 2 миллион адамды вакциналау эпидемияның дамуына оң әсер етеді. Біздің есептеуімізше, 2 миллион адамды вакциналау тіркелген жағдайлардың санын 40 мыңға азайтады. Тиісінше, вакцинамен қамту неғұрлым жоғары болса, КВИ-мен сырқаттанушылық пен өлім-жітім азаяды, шектеу шаралары мен локдаунсыз өмірге оралу ықтималдығы артады. Пандемияның дамуының осы кезеңінде бүкіл әлем өзін-өзі оқшаулау мен карантинге жалғыз балама – вакциналау екенін түсінді», - деді министр.
Айта кетейік, бұған дейін министр елімізде коронавирусқа қарсы вакцинациялау 1 ақпанда басталатынын және жыл соңына дейін 6 миллион қазақстандыққа екпе салынатынын айтқан еді.