Шымкент қаласында инвесторларға қолайлы жағдай жасау мақсатында жаңадан 3 индустриалды аймақ ашылып, 2 өндірістік аймақтың аумағы кеңейтіледі.
Атап айтқанда, биыл жаңадан салынып жатқан «Жұлдыз» және «Бозарық» индустриалды аймақтарының инфрақұрылым желілерінің құрылысы аяқталады. Бұл аймақтарда 2024 жылы алғашқы кәсіпорындар ашылады. Оған қоса биыл Шымкенттегі «Іскер қала» бағдарламасы арқылы жұмыс істейтін «Стандарт» индустриалды аймағы да өз жұмысын бастайды. Қазір «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының аумағын 175 гектарға, ал, Шымкент сауда-логистикалық орталығының аумағын 136 гектарға кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Индустриалды аймақтардың көбеюі Шымкент қаласындағы инвестициялық ахуалдың жақсаруына ықпал етері анық. Мәселен, бір ғана «Бозарық» индустриалды аймағында іске асырылатын 21 инвестициялық жоба әзірленген. Бұл 1 800 адамды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.
Міне, осы бағытта атқарылған жұмыстардың нәтижесінде биыл алғашқы тоқсанда Шымкент қаласының экономикасына 84,8 млрд. теңге инвестиция тартылды. Бұл көрсеткіш былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 9,6 пайызға өскен. Жыл соңына дейін 721,7 млрд. теңге инвестиция тарту жоспарланған. Осылайша, инвестиция тарту көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 32 пайызға артады деп күтілуде.
Жалпы, Шымкент қаласының әкімдігі алдағы бесжылдықта қала экономикасына 6 триллион теңге инвестиция тартуды жоспарлап отыр.