Өнер жұлдыздарының 100 концерті – Шымкентте!

Өнер жұлдыздарының 100 концерті – Шымкентте!

Шымкент қалалық мәдениет үйінің басшысы Сәкен Майғазиев БАҚ өкілдерімен өткен брифинг барысында алдағы жұмыс жоспарымен бөлісті, деп хабарлайды Shymkentaqparat

Баспасөз мәжілісіне ҚР халық әртісі, композитор, әнші Алтынбек Қоразбаев, опера және эстрада әншісі Толқын Забирова, профессор, хореограф, «Astana Ballet» ұжымының көркемдік жетекшісі Алила Алишева да қатысты.

Брифингте қалалық мәдениет үйінің ағымдағы жылы қолға алған жаңа жобалары мен бағдарламалары таныстырылды.


- Алдағы уақытта мереке күндеріне орай 9 мәдени іс-шара өткіземіз. Республика көлемінде бірнеше байқаулар ұйымдастырамыз. Шетел өнерпаздарының концерттері мен елімізге танымал «Өнер жұлдыздарының 100 концерті – Шымкентте!» атты концерттік бағдарламаны өткізу жоспарда бар.ҚР Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп атқарылатын мәдени іс-шаралар бойынша«Мәдениеттер тоғысы» І-республикалық фольклорлық форум-фестиваліне, ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Сырлы саз-Нұрлы Отанға» керуен пойызы, «Әлем саз» І-халықаралық фестиваліне және «Сәлем Елорда» ІІ-республикалық өнер фестивалі аясында өтетін іс-шараларға қатысу ойда бар. Біздің өнерпаздар Ақтау, Атырау, Қызылорда, Астана, Алматы қалаларына гастрольдік іссапармен шығатын болады, - деді Сәкен Қордабайұлы.

Ал ҚР халық әртісі Алтынбек Қоразбаев Оңтүстік өңірінен шыққан тұлғалар туралы сөз қозғап, композитор Шәмші Қалдаяқов туралы естеліктерімен бөлісті. Опера әншісі Толқын Забирова жергілікті өнерпаздардың қарым- қабілеті туралы айтты. Хореограф Алила Алишева «Қазына» және «Шашу» би тобының өнерлеріне сүйсініп, олардың кәсіби деңгейде өнер көрсете алатыны туралы атап өтті.