Өнерлі отбасы – «Мерейлі отбасы» атанды

Өнерлі отбасы – «Мерейлі отбасы» атанды

Елдегі эпидахуалға байланысты ұлттық комиссияның шешімімен «Мерейлі отбасы» байқауы биыл жаңа форматта ұйымдастырылды, деп хабарлайды Shymkentaqparat

Жыл сайын әр өңірден 2 жеңімпаз отбасы анықталып, республикаға жолдама алып келсе, биыл бір отбасы жолдама алды.

Байқау шарты бойынша аудан әкімдіктері мамыр-маусым айларында Шымкент тұрғындарынан 110 өтінім қабылдады. Оның ішінде: Абай ауданы - 31, Әл-Фараби ауданы - 20, Еңбекші ауданы - 20, Қаратау ауданы – 39. Биыл үміткерлер саны 2019 жылмен (31 отбасы)салыстырғанда 4 есеге өскен.

Осы жылғы байқауда тағы бір ерекшелігі қатысушылар арасында көп балалы мен жас отбасылардың саны 2 есе артқан.

Анкеталық іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша төрт ауданнан 16 отбасы байқаудың екінші қалалық кезеңіне жолдама алған болатын.

Биылғы сайыс қорытындысы бойынша, қазылар алқасының шешімімен Алиевтер отбасы жеңімпаз деп танылды. Жеңімпаз отбасыны қала әкімінің бірінші орынбасары Ш.Мұқан марапаттап, қала әкімінің алғыс хаты мен 500 мың теңге көлемінде қаржылай сыйлық табыстады.

Алиевтер отбасының үлкені Бачак Алиев - ішкі істер саласының құрметті ардагері. Отбасылық «АБО» түрік ансамбліне жетекшілік етеді. Бүгінде 6 жанұя бір шаңырақ астында бақытты ғұмыр кешіп келеді. Отбасылық өнердің арқасында алыс-жақын шетелге гастрольдік сапарға шығып, танылып үлгерген. Қалада өтетін түрлі мәдени іс-шараларға да белсене ат салысып жүреді.

Байқаудың қалалық кезеңіне қатысқан өзге отбасыларға белсенділігі үшін Шымкент қаласы әкімінің арнайы алғыс хаты мен бағалы сыйлықтар табысталды.

Айта кетсек,«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы елімізде 2013 жылдан бері өткізіліп келеді.